Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан ет пен сүт өндірісінің өсуі бойынша Еуразиялық экономикалық одақта көшбасшы болып қалды, деп жазады 7kun.kz.
Ет
2019 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстан 1,3 млн тоннадан астам мал мен құс етін өндірді. 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көлем 4,8%-ға өсті.
Одақтың статистикалық мәліметтері бойынша бұл өсім ЕАЭО елдері арасында ең жоғары болды. Қырғызстан аталған өнімдерді шығаруды 2%-ға — 289,5 мың тоннаға дейін, Ресей — 1,7%-ға — 10,4 млн тоннаға дейін ұлғайтты.
Бұл ретте Армения мен Беларусь, керісінше, ет көлемін тиісінше 2,1%-ға — 69 мың тоннаға дейін және 1,7%-ға -1,3 млн тоннаға дейін төмендетті.
Сүт
Сүт өндірісіне келетін болсақ, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша көшбасшы болып қала береді. 2019 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында елде 4,7 млн тонна сүт өндірілді, бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,1%-ға көп.
Өз кезегінде Қырғызстанда сүт өндірісі 2,4%-ға — 1,3 млн тоннаға дейін, Ресейде — 1,7%-ға 24,2 млн тоннаға дейін өсті.
Алайда, Армения мен Беларусьте көрсеткіш тиісінше 4,3%-ға 574,9 мың тоннаға дейін және 0,1%-ға 5,6 млн тоннаға дейін төмендеді.
Жұмыртқа
Қазақстанның жұмыртқа өндірісінде біршама өзге жағдай қалыптасты. Есепті кезеңде ел аталған өнімді шығаруды 0,1%-ға — 4,2 млрд данаға дейін қысқартты. Төмендеу Ресейге (-0,5% — 34 млрд данаға дейін) және Арменияға (-1,8% — 600,5 млн данаға дейін) да қатысты болды.
Оң динамика Беларусьте (+5,2% — 2,7 млрд данаға дейін) және Қырғызстанда (+5,4% — 444,4 млн данаға дейін) тіркелді.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан ЕАЭО елдері арасында 2019 жылдың қаңтар-шілде айларында ет пен сүт өндірісінің өсуі бойынша көшбасшылық позицияға ие болды.