Қазақстан елшісі Өзбекстанның үкімет басшысымен кездесті

12 Маусым 2019, 09:35
1456
Бөлісу:
Қазақстан елшісі Өзбекстанның үкімет басшысымен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Дархан Сатыбалды елдің Премьер-министрі Абдулла Ариповпен кездесті. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі мәлімдеді. 

Өзбекстан үкімет басшысы екі ел арасындағы қарым-қатынастарды ілгерілетудің деңгейі мен қарқынына қанағаттанатынын білдірді.
А.Арипов Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елдің қазіргі заманғы жетістіктеріне қосқан ерекше үлесін атап өтіп, Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның дамуына жоғары баға берді. Қазақстандағы президенттік сайлаудың қорытындыларымен құттықтап, сайлау процесінің сапалы ұйымдастырылуы мен ашықтығын атап өтті. 

Өз кезегінде Қазақстан елшісі құттықтау үшін алғысын білдіріп, ҚР Президенті сайлауының қорытындысы Өзбекстанмен жан-жақты қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға бағытталған елдің сыртқы саяси бағытының сабақтастығын атап өтті. Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалар екі бауырлас елдер арасындағы жан-жақты байланыстарды кеңейтуге ықпал ететінін мәлімдеді. 

Д.Сатыбалды Қазақстан-Өзбекстан қарым-қатынастарының ағымдағы жағдайы мен алдағы жоспарлары туралы қысқаша баяндап берді. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығындағы саяси екіжақты ынтымақтастықтың ауқымды қорытындыларын айта келе, ағымдағы жылдың 14-15 сәуірінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ташкентке жасаған мемлекеттік сапарының және үcтіміздегі жылдың 5-7 маусымда ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ресми сапарының қорытындылары маңызды мәнге ие болды. Сондай-ақ, осындай жоғары деңгейдегі сапарлар Қазақстан-Өзбекстан қарым-қатынастарының іргетасын одан әрі нығайтуға және кеңейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті. 

Сауда ынтымақтастығы мәселелерін талқылау аясында қазақстандық дипломат 2019 жылдың І-ші тоқсанының қорытындысы бойынша өзара сауда көрсеткішінің 29,3%-ға артқанын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан Елшісі одан әрі өсу үшін резервтердің бар екенін атап өтіп, екіжақты сауда айналымын арттыру бойынша бірлескен алгоритм жасауды, сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссия отырысының әлеуетін барынша пайдалануды ұсынды. 

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты жандандыру және өзара іс-қимылдың жаңа тауашаларын айқындау жөніндегі жұмысты жалғастыруға уағдаласып, үкіметаралық комиссияның тең төрағаларының мәртебесін көтеру Қазақстан-Өзбекстан ынтымақтастығының кең ауқымды мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Өзгелердің жаңалығы