Қазақстан egov дамуының әлемдік рейтингісінде 10 позицияға көтерілді

11 Шілде 2020, 11:32
1334
Бөлісу:
Қазақстан egov дамуының әлемдік рейтингісінде 10 позицияға  көтерілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамытудың жаһандық рейтингінде Қазақстан 29-орынға көтерілді. 28-орынға Канада ие болды. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Бұл рейтинг әр 2 жыл сайын жасалады және БҰҰ-ға мүше 193 елдің көрсеткіштері бағаланады.

2020 жылғы рейтинг мемлекеттердің 2018-2019 жылдары жүргізген жұмыстарының нәтижесіне негізделген. БҰҰ-ның жариялаған есебіне сәйкес, электрондық үкіметті дамыту бойынша көшбасшылардың алғашқы үштігіне Дания, Оңтүстік Корея және Эстония енді.

ТМД елдері арасында Қазақстан 1-орынды иеленді. Қазақстаннан кейін Ресей (36), Беларусь (40), Украина (69), Молдова (79), Өзбекстан (87) және т.б. елдер орналасқан. Осы жылғы рейтингте Португалия 35-ші, Италия 37-ші, Бельгия 41-ші, Қытай 45-ші, Малайзия 47-ші орында тұр.

Қазақстанның бұл рейтингтегі ең жоғары позициясы 28-орын - 2014 жылы тіркелген еді. 2016 жылы 33-орынға, ал 2018 жылы 39-орында болды.

Осылайша, соңғы 2 жылдағы көрсеткіш бойынша Қазақстан 10 позицияға жоғарылады. Электрондық үкіметті дамыту бойынша БҰҰ-ның жаһандық рейтингінде (EGDI) үш компонент негізге алынады: электрондық қызметтерді (OSI), адами капиталды (HCI), телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту (TII).

2018 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда электрондық үкіметті дамыту индексі (EGDI) 2020 жылы 10.2%-ға, онлайн қызметтер бойынша 6,38%-ға, адами капитал бойынша 5.6%-ға өсті.

Жоғары 22.7% көрсеткіш телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту саласында байқалды. Сонымен қатар, электрондық қызметтер деңгейі бойынша Қазақстан ең жоғары балл алды. Рейтингте бұл көрсеткіш 1% деп бағаланса, Қазақстанның көрсеткіші 0,92% деп бағаланды.

Электрондық үкіметті қолдануды дамыту бойынша (E-participation) Қазақстан 16 позицияға көтеріліп, 26-орынға шықты. Бұл индекс азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысуын, мемлекет қызметінің ашықтығын көрсетеді, бұл "естуші мемлекет" саясатына сәйкес келеді.

Жергілікті жерлерде онлайн-қызметтерді дамыту бойынша Алматы қаласы рейтингке қатысқан әлемдегі 100 қаланың ішінде 29-орында.


Өзгелердің жаңалығы