Қазақстан ЕАЭО елдерін көлік инфрақұрылымын бірлесіп дамытуға шақырды

2 Қазан 2019, 00:12
2189
Бөлісу:
Қазақстан ЕАЭО елдерін көлік инфрақұрылымын бірлесіп дамытуға шақырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ереван қаласында (Армения Республикасы) Жоғары Еуразиялық экономикалық одақ отырысы шеңберінде "Еуразиялық континенттің транзиттік әлеуеті" халықаралық форумы өткізіледі. Бұл туралы ҚР ИИДМ  баспасөз қызметінен хабарлады. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен вице-министр Б.С. Камалиев "Трансконтинентальдық көлік байланыстарын дамыту контекстіндегі Үлкен Еуразия" панельдік сессиясына спикер ретінде қатысты.

Аталған панельдік сессия шеңберінде Армения, Белоруссия, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей көлік саласындағы министрліктер мен ведомстволардың өкілдері, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия мен Еуразиялық даму банкінің өкілдері Жібек жолын жаңғырту мәселелерін және осыған байланысты ұлттық көлік кешендері үшін перспективаларды, транзиттік әлеуетті дамытудағы ЕАЭО көлік саясатының рөлін, экономикалық өсу факторы ретінде көлік дәліздерін дамытуды, ЕАЭО бірыңғай транзиттік жүйесін қалыптастыруды, көлік және коммуникация бойынша транзиттік инфрақұрылым саласындағы халықаралық қаржы институттарының рөлін талқылады.

"Қазақстан Республикасының индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Б. С. Камалиев Қазақстанда көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар, 2020-2025 жылдарға арналған "Нұрлы Жол" инфрақұрылымды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде алдағы жоспарлар туралы айтты. Сондай-ақ ЕАЭО елдері шеңберінде бірлесіп пысықтау үшін бірқатар мәселелерді ұсынды: транзиттік дәліздерді инфрақұрылымдық қамтамасыз ету деңгейін теңестіру, құжат айналымын барынша цифрлау, автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдауға электрондық рұқсат бланкілерін енгізу, диспетчерлеу жүйесін жақсартуды және икемді бәсекеге қабілетті тарифтік саясатты жүргізуді жалғастыру, сондай-ақ, трансшекаралық сауда және тасымалдау кезінде құжат айналымын жеделдету және өзара есеп айырысу үшін Нұр-Сұлтан қ. АХҚО базасында есеп айырысу-процессингтік орталықты ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыру", - делінген ведомствоның хабарламасында.

Сондай-ақ жоғарыда көрсетілген форум шеңберінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары басшылары кеңесінің 2-ші отырысы өтті.

Күн тәртібінде ЕАЭО мүше мемлекеттердің көлік саясатын жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспарын (жол карталарын) орындау барысы туралы, 2021-2023 жылдарға арналған Жол картасы жобасына енгізу үшін көлік саласын дамыту бағыттары бойынша ұсыныстар туралы, каботаждық автомобиль тасымалдары бағдарламасын жүзеге асыру туралы, Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттары жобасына енгізу үшін ұсыныстар туралы мәселелер талқыланды.



Өзгелердің жаңалығы