Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен БҰҰ-ның Ғарыштық кеңістік мәселелері жөніндегі басқармасы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Меморандумға осы күндері Вена қаласында өтіп жатқан БҰҰ-ның Ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда пайдалану жөніндегі комитетінің (COPUOS) 62-ші сессиясы алаңында қол қойылды. Бұл сессияға қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Марат Нұрғожин бастап барды.
Аталған іс-шара аясында вице-министр ғарышты бейбіт игеру саласындағы Қазақстанның қызметі туралы баяндама жасады, атап айтқанда ғылыми-технологиялық мақсаттағы ғарыш жүйесі туралы айтты.
Сонымен қатар, Марат Нұрғожин БҰҰ-ның Ғарыш кеңістігі мәселелері жөніндегі басқармасының директоры Симонетта ди Пиппомен кездесті. Тараптар ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады, ал келіссөздер қорытындысы бойынша өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды.
"Бұл меморандум Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен БҰҰ арасындағы ғарыш қызметі саласындағы ынтымақтастықты дамыту үшін жақсы негіз болады", - деп атап өтті Марат Нұрғожин.
Құжат табиғи апаттарға қарсы күрес үшін ғарыштық ақпаратты пайдалану саласындағы одан әрі ынтымақтастықты білдіреді. Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін ғарыш секторында инновацияларды енгізу, ғалымдардың, студенттер мен басқа да мамандардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ олардың бірлескен ғылыми-зерттеу іс-шаралары мен жобаларға қатысуына ықпал етуге жәрдемдесуді күшейту мәселесі шешілді.
Сонымен қатар, қазақстандық делегация бірқатар екіжақты кездесулер өткізді, атап айтқанда, БАӘ Ғарыш агенттігінің бас директоры, Иордан Корольдігінің Географиялық орталығының бас директоры, Азия-Тынық мұхиты Ғарыш ынтымақтастығы ұйымының Бас хатшысы, Перу Ғарыш агенттігінің басшысы және CONIDA /Перу/ компаниясының директоры, бұдан басқа, JAXA жапондық ғарыш агенттігінің өкілдерімен жұмыс кездесуі өтті.
Сондай-ақ, вице-министр Комитет сессиясына қатысушылар мен ғарыш агенттіктерінің басшыларын 2019 жылы қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін "Қазақстандағы ғарыш күндері" 7-ші халықаралық форумына қатысуға шақырды.