Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы уақыт сынынан өткен, аңызға айналған фильмдерді тегін көрсетілімге шығарды, деп жазды "Қазақфильм" АҚ баспасөз қызметі.
Бүгіннен бастап киностудияның YouTube желісіндегі арнасынан: қазақтың алғашқы дыбыстық "Амангелді" фильмі (реж. М.Левин, Ленфильм, 1938 ж.), "Қыз-жігіт" (реж. П.Боголюбов, Алматы көркем және хроникалық киностудиясы, 1955ж.), "Менің атым Қожа" (реж. А.Қарсақбаев, "Қазақфильм", 1963 ж.), "Мәншүк туралы дастан" (реж. М.Бегалин, "Қазақфильм", 1969 ж.), "Көксерек" (реж. Т.Океев, "Қазақфильм", 1973 ж.), "Гауһартас" (реж. Ш.Бейсембаев, "Қазақфильм", 1975 ж.), "Транссібір экспрессі" (реж. Э.Оразбаев, "Қазақфильм", 1977 ж.), "Кардиограмма" (реж. Д.Өмірбаев, "Қазақфильм", 1995 ж.), "Қыз жылаған" (реж. С.Нарымбетов, "Қазақфильм", 2002 ж.) және т.б фильмдерді көре аласыздар, – делінген хабарламада.Айта кету керек, бүгінде Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ ресми youtube-арнасында тәуелсіздік жылдары жарық көрген 4 толық метражды және 15 қысқа метражды анимациялық фильмдер, сонымен қатар қазақ киносының классигі Шәкен Аймановтың толық фильмографиясы бар.