Аз қамтылған отбасылардың балалары оқуға қабылданады

1 Мамыр 2019, 18:17
2230
Бөлісу:
Аз қамтылған отбасылардың балалары оқуға қабылданады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Алдағы оқу жылында өңірдің кәсіптік-техникалық және гуманитарлық колледждеріне қабылданатын студенттердің 50 пайызы көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары болмақ. Бұл жөнінде ШҚО Білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмәділова хабарлады.

Жалпы, бүгінгі таңда облыс бойынша көпбалалы отбасылардан шыққан балалардың саны орта мектептерде - 33 582, ал колледждерде - 2 095 студентті құрайды. Облыстық Білім басқармасы басшысының хабарлауынша, көпбалалы және азқамтылған отбасылардың балаларына білім саласында берілетін жеңілдіктер 2019-2020 оқу жылынан басталатын көрінеді.

«Мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған және көпбалалы отбасылар мектепке дейінгі балалар мекемелеріне төленетін төлемақыдан босатылады. Орта мектептерде осы санаттағы балаларды облыс бюджетінен мектеп формасымен қамтамасыз ету қарастырылған. Сондай-ақ облыстық Білім басқармасы колледждерде ақылы негізде оқитын азқамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан студенттерді тегін оқумен қамту мәселесін пысықтап жатыр», - деді Сайрангүл Ахметкәрімқызы.

Бұдан бөлек, азқамтылған отбасылардың балаларын қолдау үшін жалпы білім беру қорынан қаражат бөлінбек. Ол тамақтандыруға, киім-кешекпен, мектепке қажетті керек-жарақпен қамтуға, жазғы демалысты ұйымдастыруға, қаржылық көмек көрсетуге, сондай-ақ оқушылардың мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шараларға қатысуына бағытталады. Сонымен қатар көпбалалы, азқамтылған, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар ішінен талап етілетін мамандықтар бойынша техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде мемлекеттік тапсырыспен тегін оқытылатын 9-11 сынып түлектерінің саны анықталған.

«Өткізілген талдау қорытындысы бойынша 2019-2020 оқу жылында 7 930 студент оқуға қабылданатын болса, оның 4 200-і көпбалалы және азқамтылған отбасылардың балалары болмақ», - деп қосты жауапты тұлға.

Өзгелердің жаңалығы