Әз Наурыз Қазақ және Әзербайжан елдерінде

29 Наурыз 2023, 16:51
1443
Бөлісу:
Әз Наурыз Қазақ және Әзербайжан елдерінде
Фото: Самат Құсайынов

Алматыда С.Бегалин атындағы Орталық қалалық балалар кітапханасында «Сәлем, Наурыз!», «Сәлем, Новруз!» атты онлайн-телекөпір өтті. Іс-шара Әзербайжан республикасының Орталық кітапханасымен бірлесіп ұйымдастырылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

3-сынып оқушылары, кітапханашылар, мұғалімдер, РЭЦК студенттері өнерлерін ортаға салды. Екі елдің салт-дәстүрлерін көрсетіп, ән-билерінен шашу шашты. 

Біз «Сәлем, Наурыз!», «Сәлем, Новруз!» атты онлайн-телекөпірін осымен екінші рет өткізіп отырмыз. Осылайша ұлттық құндылықтарымызды,  ақын-жазушыларымыздың шығармаларын шетелдік қонақтарға танытпақпыз. Мұндай іс-шаралар көршілес Қырғызстан, Белоруссия, Өзбекстан сынды мемлекеттермен де өткізілуде. Сөйтіп, мектеп оқушыларын, студенттерімізді әр елдің салт-дәстүрімен, әдебиетімен таныстырып келеміз. Кітапханалық қоғамдастығы шеңберінде  ұлттық мәдени кодты сақтау мақсатын көздейміз, – дейді С.Бегалин атындағы Орталық қалалық балалар кітапханасының меңгерушісі Алма Қонарова.

Аталмыш іс-шарада екі елдің балалары Наурыз мерекесі туралы жұмбақтар мен мақал-мәтелдер айтып жарысты. Сондай-ақ салт-дәстүрлерді көрсетіп, музыкалық аспаптарда ойнады. Әзербайжан тілінде Джаваншир Кулиевтің «Novruz gəlib» және Алекпер Тагиевтің «Qızıl lalədir adım» әндері орындалды. 

Әз Наурыз Қазақ және Әзербайжан елдерінде

Кітап оқуға келгенмін, осынау мерекелік іс-шараның үстінен түстім. Басқа елдер Наурыз мейрамын қалай тойлайды деп ойлайтын едім. Әзербайжан халқының ұлттық дәстүрлері мен тағамдарымен таныс болдым. Маған өте қатты ұнады, – дейді Жадыра Сенбек есімді оқырман. 

Көрермендерге мерекелік дастархан ұсынылды. Әзербайжан халқы Новруз қарсаңындағы сәрсенбі күнін «ахыр чершенбе» деп атайтынын, осы кезде орындалатын әдет-ғұрыптарын көрсетті.  

Өзгелердің жаңалығы