Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Айыптұрақтан із-түзсіз жоғалған көлік: сот күзет агенттігін кінәлі деп тапты

Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

Тараз қаласында айыппұл тұрағынан жоғалып кеткен көлікке қатысты сот дауы аяқталды. Сот күзет агенттігін шығынды өтеуге міндеттеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сот материалдарына сәйкес, 2017 жылдың қазан айында полиция қызметкерлері талап қоюшының Ford Fiesta маркалы көлігін мәжбүрлеп алып, «А.» күзет агенттігі қызмет көрсететін мамандандырылған айыптұраққа қойған.

Алайда көліктің иесі тек 2022 жылдың желтоқсанында ғана автокөлігінің жоғалып кеткенін білген. Сол уақыттан бері оның қайда екені белгісіз. Ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Бағалау есептеріне сәйкес, көліктің құны – 3,4 млн теңге.

Жауапкер өз кінәсін мойындамағанымен, сотқа көліктің қауіпсіздігі қамтамасыз етілгенін дәлелдейтін ешқандай айғақ ұсынбаған.

Сот шешімімен талап қою толық қанағаттандырылып, жауапкерден 3,4 млн теңге залал және сот шығындары өндірілетін болды, - деп хабарлады Тараз қалалық соты.

Қаралған істің тағы бір маңызды тұсы – сот автокөлікті айыптұраққа қоюдың өзіне заңды негіз болмағанын атап өтті.

Шешім заңды күшіне енді.

Өзгелердің жаңалығы