Орталық Қазақстанды сумен қамтамасыз ететін Қаныш Сәтбаев атындағы канал тозу деңгейіне байланысты аса ауыр жағдайда тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл аймақтағы сумен жабдықтаудың тұрақтылығына қауіп төндіретін негізгі проблеманың бірі болып табылады және экономика мен әлеуметтік қауіпсіздікке елеулі қауіп төндіреді. Сенатор Ернұр Әйткенов өзінің депутаттық сауалында ауыр зардаптың алдын алу үшін арнаны шұғыл жаңғырту қажеттігін атап өтті.
Арнадағы сорғы қондырғысының тозуы өте күрделі деңгейге – 90%-ға жетті. Бұл қазіргі кезде негізгі мәселе болып отыр. Бұл жабдық тиімділігінің төмендеуіне, энергия шығындарының көбеюіне және төтенше жағдай қаупінің арта түсуіне әкелді. Уақында қайта жаңғыртпасақ біз сумен жабдықтауда үзіліске тап болуымыз мүмкін, бұл ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының, ауыл шаруашылығы объектілерінің жұмысына және адамдардың күнделікті өміріне әсер етеді, - деп атап өтті Ернұр Әйткенов.
Депутат сондай-ақ ескірген жабдықтың салдарынан арнаны жөндеу және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету шығындары едәуір арта түскенін айтты. Оның пікірінше, егер уақтылы шара қабылданбаса, өндіріс көлемінің қысқаруы, әлеуметтік шиеленістің өсуі және елеулі экологиялық қатер төнуі мүмкін.
2028 жылға дейін 19 сорғы қондырғысын қайта құруды қамтитын арнаны жаңарту жобасы өте маңызды. Алайда, қазіргі уақытта 2025 жылы тек бес агрегатты қайта құру үшін қажетті 10,8 млрд теңгеден 1,5 млрд теңге ғана бөлінді. Бұл барлық жұмыстарды орындау үшін жеткіліксіз, - деді сенатор.
Арнаны кешенді жаңғырту және осы жұмыстарды кепілдендірілген қаржыландыру ғана өңірді сенімді сумен қамтамасыз етуге, авариялар қаупін азайтуға және Қазақстанның экологиялық және экономикалық тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді, деді сенатор.