Қала әкімі Мұрат Әйтенов бірқатар нысандарда болып, жол құрылысын қадағалады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алдымен Бәйдібек би-Арғынбеков көшелерінің қиылысында салынып жатқан жолайрық құрылысының барысын тексерді. Жобаға сәйкес жолайрық үш деңгейлі.
Төменгі деңгейде Арғынбеков көшесі, жоғарғы деңгейде Бәйдібек би даңғылы, ортаңғы деңгейде оң жақ бұрылыстар мен сақиналы жол орналасатын болады. Нысанды жыл соңына дейін қолданысқа беру жоспарлануда.
Қалада көлік кептелісін азайту үшін Арғынбеков көшесі мен Бәйдібек би даңғылының оң жақ өткелдерін 10 мамырға дейін кезең-кезеңімен көлік қоғалысына ашуды ұйымдастырыңыздар. Нысанды өндірістік кестеге сай тапсыру үшін жұмыс қарқынын арттыру қажет, - деді қала әкімі.
Қазір А-2 автомобиль жолында құрылыстың екінші кезеңі жүруде. Қала басшысы Ынтымақ шағын ауданына баратын жол қиылысынан Темірлан тас жолына дейінгі аралықты құрайтын аумақтың құрылысымен танысты. Ені 30 метр, 4 жолақты жолдың екі жағында ирригациялық жүйе мен жасыл аймақ, тратуар, жарық шамдар орнату қарастырылған. Қазір сақина типті жолайрық құрылысы жүргізілуде.
Нысанды биыл тамызда аяқтау жоспарлануда.
А-2 айналма тас жолының 4 кезеңі Темірлан тас жолынан Бадам өзеніндегі көпірге дейінгі аралықты қамтиды. Осыған дейін қайта құру жұмыстарының жартысынан астамы орындалды.