Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Баршаңызды Ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Рамазан айының аяқталғанын білдіретін бұл мейрам – күллі мұсылман қауымы үшін қастерлі. Айт күндері мейірімділік, жанашырлық, қамқорлық сияқты ізгі құндылықтардың маңызы еселене түседі. Адамдар бір-біріне көмек қолын созып, қасиетті айды игі істермен жалғастырады. Мұндай үрдіс елдің береке-бірлігін арттыратыны анық, - деді Сенат төрағасы.
Ол биылғы Ораза айт еліміз үшін үлкен сынақпен қатар келіп отырғанын айтты.
Осындай сын-сағатта халқымыз қайырымдылық танытып, тасқыннан зардап шеккен өңірлердің тұрғындарына қолдау білдіріп, ауызбіршіліктің озық үлгісін көрсетіп отыр. Бұл – имандылық пен адамгершіліктің жарқын көрінісі. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан да табиғи апаттың салдарын жою үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Азаматтарымыздың бекем бірлігі мен парасатының арқасында көп ұзамай бұл сынақты да еңсереміз деп сенеміз. Ұлық мерекемен құттықтай отырып, баршаңызға зор денсаулық, әр отбасына амандық және елімізге тыныштық тілеймін! Айттан айтқа аман-есен жете берейік, - деді ол.