Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Үкімет отырысында Жастар жылын өткізу жөніндегі жол картасының жобасына енгізілген толықтыруларды таныстырды.
Жол картасының жобасы 89 тармақтан, 5 бағыттан тұрады.
«Биыл 23 қаңтарда Тұңғыш Президент жастармен кездесті. Сол жерде ұсыныс тілектерін білдірген жастардың сөзін тыңдадық. Әрі ол ұсыныстарға назар аудардық. Қазір Жастар жылын өткізуге қатысты Жол картасы қабылданған. Алайда кездесуден кейінгі жастардың ұсыныстары ескеріліп, жаңа бес бастама қосылып отыр», - деді Дәурен Абаев.
Бірінші, БҒМ-мен бірлесе «Өзіңді тап» жобасын іске қосу. Бұл жоба жас қазақстандықтардың кәсіптік бағдарын анықтау мақсатында жүзеге асырылмақ, яғни жастардың өзі қызығатын дұрыс мамандықты табуға бағыт беру.
Екінші, еліміздің аймақтарында бүркітшілер орталығын ашу бойынша шаралар қабылдау. Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде қазақтың атын әлемге танытып жүрген бүркітші қыз Айшолпан орталық ашуды ұсынған болатын. Осыған орай, жаттығу орталықтарын ашып түрлі деңгейде жарыстар өткізіп қана қоймай, Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе жұмыс жүргізу жоспарланған. Осылайша, ұлтымыздың көне өнерін Қазақстандағы этнотуризмнің маңызды, әрі ажырамас бөлігіне айналдыру көзделіп отыр.
Үшіншіден, жергілікті әкімдіктермен бірлесе өзін-өзі қорғау жөнінде тегін мастер-кластар өткізу, жастарға арналған спорттық клубтарды дамыту бойынша тиісті шаралар қабылдау.
Төртіншіден, мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарттарға, жетімдер мен жалғызбасты үйсіз-күйсіз адамдарға көмектесу мақсатында БҒМ-мен бірлесе «Студенттік бастама» деп аталатын жалпы республикалық волонтерлар қозғалысын және жас волонтерлар базасын құру.
Бесіншіден, медиа саласында келешегінен үміт күттіретін жас өкілдерін тарта отырып Қазақстан ұлттық брендін алға жылжытуға бағытталған жаңа құралдарды құру жоспарланған. Министрдің айтуынша, қазіргі күні спортшылар мен өнер адамдарының жетістіктері де еліміздің оң имиджін қалыптастыруға түрткі болып отыр.