Қазақстанда өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық даму айырмашылығы әлі де айтарлықтай жоғары. Бұл туралы Азия даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің аға елдік экономисі Генадий Рау мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сарапшының айтуынша, жүргізілген зерттеу Үкіметпен бірлескен білім және тәжірибе алмасу бағдарламасы аясында жүзеге асқан. Онда елдегі аймақтардың даму деңгейі біркелкі емес екені анықталған.
Біздің зерттеуіміз көрсеткендей, Қазақстанда донор өңірлер аз, ал негізгі бөлігі – трансфертке тәуелді өңірлер. Бұл аймақтар арасындағы алшақтықтың әлі де жоғары екенін білдіреді, – дейді Генадий Рау.
Оның пікірінше, өңірлік экономиканы дамыту үшін әр аймақтың өзіндік ерекшеліктерін ескеру маңызды.
Әр өңірдің ресурстық базасы, адами капиталы әртүрлі. Сондықтан экономиканы дамытуда осы факторларды ескеру қажет. Бұл процесте жергілікті атқарушы органдардың тікелей қатысуы маңызды рөл атқарады, – дейді сарапшы.
Рау фискалдық орталықсыздандырудың маңызына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бұл бағытта Қазақстанда алғашқы қадамдар жасалған.
2020 жылдан бастап кейбір салық түрлері жергілікті деңгейге берілді. Мысалы, шағын және орта бизнес салығы өңірлерде қалатын болды. Бұл жергілікті экономиканы ынталандыруға мүмкіндік береді, – дейді ол.
Сарапшының сөзінше, егер өңірлерде экономикалық белсенділік артса, онда жергілікті бюджет кірістері де өседі.
Экономика дамыған сайын салық түсімі көбейеді. Егер бұл қаражат өңірде қалса, онда ол жергілікті дамуға қайта жұмсалады. Осылайша, өңірлердің өз бетінше өсуіне жағдай жасалады, – деді Генадий Рау.
Ол зерттеуде әкімшілік емес, нақты фискалдық орталықсыздандыру мәселесіне басымдық берілгенін атап өтті.
Біз әкімшілік орталықсыздандыруды емес, дәл осы фискалдық тетіктерді қарастырдық. Яғни қаржы мен салықтық өкілеттіктерді өңірлерге беру арқылы экономикалық өсімді қалай ынталандыруға болатынын зерттедік, – деп түйіндеді сарапшы.
Айта кетейік, Азия даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің экономикалық талдаушысы Санжар Қалдаров мұнай табысы өскен сайын Ұлттық қордан алынатын трансферт қысқаратынын айтқан еді.