Еңбек – өмірдің тұтқасы, ал еңбек адамы – қоғамның тірегі. Әдетте көпшілік дәрігерді, ұстазды, ғалымды ерекше қадір тұтады. Дегенмен қарапайым жұмысшы мамандық иелерінің де қоғамдағы орны орасан зор. Солардың бірі – шаштараз мамандығы. Жамбылдық шаштараз Айхан Мұхатаеваның жылдар бойғы еңбегімен BAQ.KZ тілшісі танысып қайтты.
Шаштараздың еңбегі көп жағдайда көзге елене бермейді, бірақ әрбір адамның келбетіне, көңіл-күйіне әсер етіп, өміріне өзгеше бір рең қосады. Осындай мамандыққа бар ғұмырын арнаған жан – Жамбыл облысына қарасты Бесағаш ауылында тұратын ісіне адал, қолы шебер Айхан Мұхатаева.

Айхан апайдың еңбек жолы сонау 1986 жылдардың соңында басталды. Ол кезде ауылда арнайы шаштараз салондары жоқтың қасы еді. Шаш қию үшін тұрғындар аудан орталығына немесе қалаға баруға мәжбүр болатын. Ал ол шаштараздық оқуға түсті. Оқу орнын аяқтаған соң ауылға қайтып келіп, сол сәттен бастап елге қызмет етуді өмірлік міндеті санады.
Шаштараз болу – менің бала арманым еді. Қайшы мен тарақты қолыма алғаш ұстаған сәттен бастап, осы мамандықтың менікі екенін сезіндім. Ал ауылға оралғанымда халықтың қуанышын көрдім. Себебі әр адамға сәнді болып жүру қажет. Сол күннен бастап халықтың алғысын арқалап келе жатырмын, – дейді ол өткенін есіне алып.
Шаштараздың еңбегі сырттай қарағанда оңай көрінуі мүмкін. Бірақ іс жүзінде бұл – өте күрделі, әрі төзімділікті талап ететін жұмыс. Таңертеңнен кешке дейін әртүрлі мінезді, түрлі талғамы бар адамдарды қабылдап, әрқайсысына жарасымды бейне беру – үлкен ізденіс екенін атап өтті.
Әр адамның жүзі әртүрлі. Біріне қысқа шаш жарасады, енді біріне қою әрі ұзындау түрі лайық. Кейде клиент қалаған үлгісін айтады, бірақ ол оған сәйкес келмейтінін байқап тұрасың. Ондай сәтте әдеппен сөйлеп, ұсынысымды айтамын. Көп жағдайда сенім білдіреді. Сенімді жоғалтпай, өз ісіңнің маманы екеніңді дәлелдеу – ең бастысы. Кейде адамдар шашын қиғызумен қатар, жан сырын ақтарып алады. Бірі қуанышын бөліссе, бірі мұңын айтады. Мен де барымды тыңдап, жылы сөзімді аямаймын. Өйткені адамға тек қол еңбегімен ғана емес, жақсы сөзбен де демеу болу қажет. Шаштараздың тағы бір міндеті – клиенттің көңілін табу, – дейді ол.
Ол үшін бұл кәсіп – тек табыс көзі емес, жүрек қалауымен істелетін жұмыс. Әрбір клиенттің көңілін көтеріп, өзін жаңа кейіпте көруіне көмектесу – үлкен қуаныш. Расында, ауылда шаштараз тек шаш қиятын орын ғана емес, тұрғындар бас қосып, әңгімелесетін шағын орталық іспетті. Әсіресе мереке қарсаңында Айхан апайдың жұмыс орны адамға лық толып кетеді.
Біздің ауылда барлық ауыл танитын жалғыз адам бар. Ол біздің шаштараз. Әрине, ауыл мүддесі үшін қалтқысыз ұзақ жыл еңбек ету екінің бірінің қолынан келмес, шындығында. Барлығы Айханды жасынан епті, қолы жеңіл дейді. Қазір өзім де, немерелерімді де соған ғана апарамын. Бір қызығы, ол кісі әр адамның мінезін де, көңілін де түсіне біледі. Шашыңды қиып қана қоймай, әңгімелесіп отырып, көңіліңді де көтеріп жібереді. Осындай адамдар ауылдың қадірін арттырады, – дейді ризашылықпен ауыл тұрғыны Қайрат Асаубай.
Ауыл әкімі Алға Абдумуталиев те шаштараздың еңбегін ерекше атап өтті.
Айхан Мұхатаева – ауылымыздың нағыз алтын қазынасы. Ол тек шаштараз ғана емес, ауылдың мәдени өміріне де өз үлесін қосып келеді. Әр мереке қарсаңында жастар соған барып, әдемі қалыпқа еніп шығады. Осының өзі ауылдың сәнін кіргізеді. Қарапайым көрінетін мамандықтың артында осындай үлкен мән бар екенін көпшілік түсіне бермейді. Біз оның еңбегін әрқашан бағалаймыз. Ол – жастарға үлгі, үлкендерге сүйеніш, – дейді әкім.
Осылайша, бүгінгі кейіпкердің алдынан үш буын өтті десе де артық емес. Ол кезінде ауылдың үлкендерін де, кейін олардың балалары мен немерелерін де шаш қиды. Әрқайсысын әлі күнге дейін есінде сақтайды.
Уақыт өте қалайша қырық жыл өткенін өзім де байқамаппын. Әрбір клиентімнің қуанышы мен алғысы мені қанаттандырады. Сол үшін де ешқашан жалықпаймын. Бұл мамандық менің тағдырыммен біте қайнасып кеткендей, – дейді ол шынайы ықыласпен.
Сөзді түйіндей келе, ауылдың шаштараз – көпшілікке жай ғана мамандық иесі болып көрінуі мүмкін. Бірақ іс жүзінде ол – ауыл өмірінің бөлінбес бөлшегі. Айхан Мұхатаеваның 40 жылдық еңбегі – адалдықтың, төзімділіктің, жауапкершіліктің айқын көрінісі. Ол тек шаш қиятын маман ғана емес, ауыл тұрғындарының сырласы, сенімді кеңесшісі, көңіл көтерер жанашыры. Адал еңбектің құны ешқашан өлшенбейді. Ал бүгінгі кейіпкердің қолынан шыққан әрбір шаш үлгісі – бір отбасының қуанышы, бір адамның жаңа бейнесі. Оның еңбегі – ұрпаққа үлгі, ауылға абырой.
Жұмысшы мамандық иелері – қоғамның көзге көп түсе бермейтін, бірақ тіршіліктің ажырамас бөлігі болып саналатын нағыз еңбек адамдары. Оларсыз қоғамның дамуы, тұрмыстың жеңілдеуі мүмкін емес. Шаштараз, дәнекерлеуші, аспаз, еден жуушы – бәрі де өз орнында қадірлі, бәрі де халыққа қызмет етеді.