Аймақ мәселесін астанада отырып шешу қиын

19 Сәуір 2022, 13:06
1761
Бөлісу:
Аймақ мәселесін астанада отырып шешу қиын
PHOTO
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Арнайы бір аймақтың проблемасын астанада отырып шешу мүмкін емес. Мұндай іс дамыған елдің ешбірінде атқарылмайды. Бұл туралы ҚР президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов Алматыда өткен «КИСИ GPS» сараптамалық алаңының екінші отырысында айтты.

«Жергілікті өзін-өзі басқару – демократия мектебі» тақырыбымен өткен жиын барысында мемлекет пен жергілікті халықтың мүдделерін білдіретін жергілікті өзін-өзі басқару институттарын одан әрі дамыту мәселесі талқыланды.

ҚР президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов белгілі бір аймақтың мәселесін жергілікті халықтың қатысуынсыз шешу мүмкін еместігін айтады.

Арқалық, Жезғазған немесе тағы бір аймақтың проблемасын ел астанасында отырып алып шешу мүмкін емес. Шағын қалалардың мәселесі сол жерде шешіледі. Мәселен, қанша су құбырын тарту қажеттігі, қанша мектеп, балабақша салу керектігі сол жерде шешілу қажет. Сол үшін елді мекендерде нағыз мәслихаттар құрылып жатыр. Бұрын әкімдік жанынан мәслихаттар құрылған, бірақ олардың өкілеттілігі түсініксіз болды. Енді халықтың ойы, ұсынысы Мәслихат арқылы көтерілетін болады. Жергілікті белсенділер сол жерден табылып, мәселелер сонда шешілуі қажет. Олар әкімдіктерге қарамайды, жергілікті проблеманы билікке тікелей жеткізіп отырады және атқарушы органдарды бақылай алады. Сол үшін белгілі дәрежеде бюджет бөлінеді, – деді ол.

Мәслихат құрамына ауылдағы белсенді, құрметті және жауапты адамдар кіреді.

Сонымен «КИСИ GPS» сараптамалық алаңының бірінші отырысы қандай нәтиже бергенін айтты.

Бірінші отырыстан кейін аймақтарға шығу қажеттігін түсіндік. Өңірдегі адамдарға елде болып жатқан саяси реформалар жайлы ақпарат жетіспейді, - деді Еркін Тұқымов.

Шара барысында сарапшылар, саясаттанушылар, экономистер және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері аталған тақырыпқа қатысты  өз көзқарастарымен және тәжірибелерімен бөлісті.

Өзгелердің жаңалығы