Аймағамбетов тағы бір мәселенің шешімі табылатынын айтты

14 Сәуір 2025, 12:55
1440
Бөлісу:
Аймағамбетов тағы бір мәселенің шешімі табылатынын айтты
Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов оқу үдерісі аясында колледждер мен мектептер өздері өндірген өнімдерден қосымша табыс таба ала алатынын айтты. Депутат бұған кедергі болып отырған мәселелер шешімін табатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бірнеше жыл бұрын министрлікте жұмыс істеп жүргенде, біз колледждер мен мектептерге өздерінің қосымша табыстарын — мысалы, оқу барысында жасалған өнімдерден түскен кірісті — дамуына: материалдар сатып алуға, құрал-жабдықты жаңартуға, шеберханаларды жабдықтауға пайдалануға мүмкіндік беретін норманы енгіздік. Бәрі түсінікті сияқты. Қажетті әрі әділетті шешім. Бірақ тәжірибеде — түйткіл көп, - деді депутат.

Мысалы:
– Дәнекерлеуші мамандығында оқитын колледж студенттері сабақ барысында темірден бұйымдар жасайды — қақпа, орындық, тор.
– Аспаз болуға оқып жүргендер — нан, бәліш, торт пісіреді.

Аймағамбетовтің сөзінше, бұлардың бәрі — оқу үдерісінің бір бөлігі. Бұл — бизнес емес, табыс табу үшін емес. Жай ғана балалар қолымен жұмыс істеп, үйреніп жатыр.

Бұл өнімдерді сатуға шығарып, түскен қаржыны қайтадан оқу процесіне бағыттауға болар еді: жаңа материалдар сатып алуға, құрал-жабдықты жаңартуға. Бірақ жергілікті жерлерде — кедергі. Кейбір антимонополиялық органдар мұны кәсіпкерлікпен бәсекелестік деп қабылдайды. Ал шын мәнінде — бұл бизнеске кедергі емес. Керісінше: ертең сол кәсіпорындарда, наубайханаларда, цехтарда жұмыс істейтін болашақ мамандарды дайындауға көмектеседі. Осындай жағдай мектеп спортзалдарында да кездеседі. Біз бірнеше жыл бұрын мектептердің спорт залдарын сабақтан тыс уақытта секциялар мен үйірмелерге, жергілікті қауымдастыққа жалға беруге рұқсат бергенбіз. Қаражат тікелей мектептің шотына түседі. Бірақ мұнда да — бөгет. Жергілікті антимонополиялық органдар мұны да кәсіпкерлікпен бәсекелестік деп қабылдайды, - деп жазды депутат.

Депутаттар осы мәселені бірге талқылап, шешімін тапқан. Оның сөзінше, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі өкілдері мәселені шешуге уәделерін берген.

Өзгелердің жаңалығы