Кезекті жұмыс сапарым аяқталды. Бұл жолы Шығыс Қазақстан облысында болдым. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Телеграм каналында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Облыс тұрғындары алдында есеп беру кездесуін өткізіп, білім беру ұйымдарын араладым.
Кездесу екі сағаттан аса уақытқа жалғасты. Жиынға 350-ден астам адам қатысты. Уақыттың көп бөлігі сұрақ-жауапқа арналды. Олар мектептегі тамақтану, инклюзия және ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолдау көрсету, лагерьлерде балалардың тегін демалу санаттарын кеңейту, әлеуметтік педагогтердің жұмысы, балабақшалардың бірыңғай кезек базасына көшуі және т.б. тақырыптарға қатысты болды, - деп жазды ол.
Сондай-ақ жекеменшік мектептердің мұғалімдері мен оқушыларына мемлекеттік мектептердің оқушылары мен мұғалімдері қатысып жүрген жарыстар мен олимпиадаларға қатысуға рұқсат беру туралы мәселе көтерілді.
Сонымен қатар «Жайлы мектеп» жобасын жүзеге асыру жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанымен таныстым. ШҚО-да 2023-2025 жылдар аралығында екі ауысымда оқитын 8 400 оқушы орнына арналған 10 мектеп салу жоспарда бар. 10 мектептің 7-еуінің құрылысы келесі жылы басталады деп жоспарланып отыр.
Одан кейін «Рахат» балабақшасына бардым. Тәрбиешілермен әңгімелесіп, жұмыс мәселелерін талқыладық. Әріптестер біз әзірлеген мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа моделіне оң бағаларын берді. Жаңалықтардың бірі - қазір бұрынғыдай 25 баладан тұратын топпен бір тәрбиеші емес, бірден екі тәрбиеші жұмыс істейді.
№11 мектеп-лицейінде де болдым. Оқу кабинеттерін, сонымен қатар қауіпсіздік жүйесінің жұмысын көріп, оқушылармен әңгімелестім. Әріптестерімнің, яғни ұстаздардың еңбегі ерекше мақтаныш сезімін тудырды. Мысалы, химия пәнінің мұғалімі Лушпай Ирина Антоновна химия ғылымының 1 докторы мен 8 кандидатын тәрбиелеп шығарған. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Семилет Елена Витальевнаның да еңбегі қуантты. Әріптесіммен бірге «Оқуға құштар мектеп», «Дебат қозғалысы» республикалық жобаларының жүзеге асырылу мәселелерін және мектептің өзін-өзі басқару жұмысын талқыладық, - деді министр.
Білім басқармасының басшылығына барлық мектептегі артық есеп беруді жою тапсырылды.
Іссапар соңында Өскемен көпсалалы технологиялық колледжіне бардым. Колледж болашақта түлектерін жұмысқа орналастыратын жергілікті кәсіпорындармен ынтымақтасқан.
Сапар қорытындысы бойынша №11 мектеп-лицейінде және дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернде жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесін шешуді тапсырдым. Сонымен бірге жеке білім беру ұйымдарының педагогтері мен оқушыларының конкурстар мен олимпиадаларға қатысуы үшін мемлекеттік ұйымдармен тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге қатысты ұсынысты дұрыс деп санаймын. Жақын арада бұл мәселені шешуге тырысамыз деп ойлаймын, - деді Асхат Аймағамбетов.