Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Аймағамбетов оқушылар мен мұғалімдерге ұнайтын өзгеріс туралы айтты

Бөлісу:
 автордан
Фото: автордан

Мәжілістің кулуарында депутат Асхат Аймағамбетов педагогтер мен оқушыларға берілетін бірреттік төлемдер мен қосымша мүмкіндіктер туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша маңызды заң қабылданды. 2021 жылдан бастап біз халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына 5 миллион теңгеге дейін бірреттік үстемақыны беруді бастадық. Және мұндай қолдау жеңімпаздарды дайындаған ұстаздарға да беріледі, – деді Аймағамбетов.

Енді елімізде халықаралық ғылыми додаларға қатысып, жеңімпаз атанған балаларға да қолдау көрсетіледі.

Бірақ бұл жерде тыс қалып қойған бір категория бар – халықаралық ғылыми додаларды жеңген балалар. Біз халықаралық ғылыми додаларға қатысқан және тиісті орын алған балаларға қолдауге бастама жасап, заңға түзету енгіздік. Енді осы балалар және оларды дайындаған мұғалімдер дәл осындай екі мүмкіндік алады: біріншіден, жеңімпаздарға 5 миллион теңгеге дейін бірреттік үстемақы беріледі (АЕК өссе, үстемақы да өседі), екіншіден, ҰБТ-ны тапсырмай кез келген жоғарғы оқу орнына түсу мүмкіндігі беріледі, – деді депутат.

Депутат бұл оқушыларды дайындаған ұстаздарға да төлем берілетінін қоса кетті.

Асхат Аймағамбетов бұл шешімнің маңызды екенін атап өтті.

Бұл үлкен мүмкіндік. Кейбір балалар халықаралық Менделеев олимпиадасында химиядан бірінші немесе екінші орын алады, бірақ ҰБТ тапсырғанда, басқа пәндерден аз балл жинайды. Яғни бала химиядан үздік, бірақ химия мамандығына түсе алмайды. Сондықтан біз осындай балаларға керемет мүмкіндік беріп отырмыз. Менің ойымша, бұл өте үлкен, керемет қолдау, – деп түсіндірді депутат.

Еске сала кетейік, 4 желтоқсанда Мемлекет басшысы “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заңға қол қойған болатын.

Өзгелердің жаңалығы