Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мектептегі қауіпсіздік мәселесіне бағытындағы проблемалар тек бейнебақылау құрылғыларымен шектелмейтінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың сөзінше, бүгінде мектептерде бейнекамералар мен түрлі қауіпсіздік құралдары орнатылған. Алайда мәселе тек техникалық жабдықта емес. Ол ата-аналармен жұмыстың әлсіздігін, қоғам санасына қатысты түйткілдерді де көтерді.
Қауіпсіздік тек мектептің жауапкершілігі емес. Ата-аналардың тәрбиесі, жалпы қоғамның санасы бойынша да сұрақтар бар, – деді ол.
Сонымен қатар Аймағамбетов мектеп күзетіне қатысты мәселені бірнеше рет көтергенін атап өтті. Бұған дейін күзет қызметін лицензиясы бар арнайы ұйымдар атқаруы тиіс деген талап қойылған. Алайда іс жүзінде жағдай өзгермегенін айтты.
Бұрын ата-әжелер отырса, енді кәсіби дайындықтан өткен, шыныққан мамандар келеді деген үміт болды. Бірақ шын мәнінде сол баяғы жағдай қайталанып отыр. Қажет кезде тиісті әрекет ете ала ма, жоқ па деген күмән бар, – деді депутат.
Оның пікірінше, Ішкі істер министрлігі бұл талаптарды қатаңдатып, жүйені қайта қарауы тиіс.
Бұдан бөлек, депутат мектеп инспекторларын мектептерге қайтару мәселесін де көтерді. Айтуынша, бұрын мектептерде тұрақты жұмыс істеген инспекторлар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарған.
Ол бұл мәселе бойынша бірнеше рет депутаттық сауал жолданғанын, мектепте көп жыл қызмет еткен инспекторларды қайтадан білім беру ұйымдарына қайтару қажет екенін атап өтті.
Ішкі істер министрлігі мектеп инспекторларын өз қарамағына алып кетті. Яғни олар қазір мектепте отырмайды. Бұл – балалардың қауіпсіздігіне өте үлкен нұқсан. Мұның салдары балалар арасындағы құқықбұзушылықтың артуына әсер етуі мүмкін. Сондықтан 10 жылдан астам мектепте қызмет еткен инпекторларды мектепке қайтару керек, – деді Аймағамбетов.