Аймағамбетов балалардың шотындағы ақша көбейіп жатқанын айтты

Депутат ақша отбасының табысына қарамастан, барлық балаға беріліп жатқанын түсіндірді.

 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов Бүгiн 2026, 14:25
Бүгiн 2026, 14:25
98
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Ұлттық қордан балаларына түскен қаражатты тексеріп көргенін және оның бай-кедейге қарамай, барлығына беріліп жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін балаларымның шотын ашып, Ұлттық қордан түскен кезекті қаражатты көрдім. Осыдан біраз жыл бұрын Ұлттық қорымыздың табысы тікелей балаларға беріледі дегенге сену қиын еді ғой. Ал қазір бұл банк қосымшасындағы қалыпты, үйреншікті жағдайға айналды. Бұл бағдарламаға 7 миллионға жуық бала қатысып жатыр. Ең бастысы, бұл ақша шотта жай жатқан жоқ, үстіне инвестициялық табыс қосылып, көбейіп жатыр. Күрделі пайыз іске қосылғанда, уақыттың өзі баланың болашағына жұмыс істей бастайды, - дейді депутат.

Аймағамбетов Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған әлеуметтік саясаттың жаңа бағыты да дәл осы екенін атап өтті. 

Бұрын мемлекеттік қолдау көбіне күнделікті шығындарды жабуға берілсе, қазір басты назар адами капиталға, яғни ұрпаққа ұзақ мерзімді инвестиция құюға бұрылды. Бұл – «бүгін жұмсап тастайтын» қаражат емес, баланың ертеңгі үлкен мүмкіндіктеріне салынған іргетас. Бүгінгі тұтынудан – ертеңгі мүмкіндіктерге жасалған қадам. Мемлекет басшысы нақты бағдар берді: еліміздің табиғи байлығы тек бүгінгі бюджеттің жыртығын жамауға емес, болашақ ұрпақтың шотына тікелей түсуі керек. Осылайша, балаларымыз ұлттық байлықтың нағыз иесіне айналды, - деп айтты ол.

Аймағамбетов Ұлттық қордың ақшасы барлық балаға беріліп жатқанын айтты.

Тағы бір маңызды тұсы – бұл қаражат отбасының табысына, бай-кедейлігіне қарамастан Қазақстанның әрбір баласына беріледі. Бұл дегеніміз – әділеттілік, барлық балаға берілген тең бастапқы мүмкіндік және халық пен мемлекет арасындағы үлкен сенім, - дейді Асхат Аймағамбетов.

Оның сөзінше, жақында MNU-де өткен халықаралық симпозиумда Вашингтон университетінің профессорлары Майкл Шерраден мен Ли Зоу «Ұлттық қор – балаларға» жобасына жоғары баға берген. Олар егеменді қор табысының тең жартысы тікелей балаларға берілетін бұл жобаны әлемдегі алғашқы бірегей тәжірибе деп атаған. Және бұл – қысқа мерзімді көмектен стратегиялық инвестицияға көшудің нағыз үлгісі екенін айтқан.

Депутаттың пікірінше, технологиялар мен мамандықтар көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқан қазіргідей заманда, дәл осындай шешімдер жаңа әлеуметтік келісімнің берік негізін қалайтыны сөзсіз.

Наверх