Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. БҒМ Асхат аймағамбетов жұмыс сапары барысында Жезқазған, Сәтбаев қалаларындағы мектептерге, сондай-ақ Кеңгір ауылдық мектебіне барды. Бұл туралы министр өз парақшасында жазды.
Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасымен танысып, оқу кабинеттерін араладым. Сондай-ақ Жезқазған университетінің қызметкерлерімен кездесіп, мектеп директорларымен және өңірдегі білім беру бөлімдерінің басшыларымен жиналыс өткіздім. Мектеп оқушыларымен және педагогтермен де әңгімелестім - деп жазды министр.
Министрмен кездесу кезінде балалар дәстүрлі форматта өтіп жатқан оқу процесіне қатысты ойларымен бөлісіп, мұғалімдер сұрақтарын қойды.
Қазіргі уақытта балаларымыз үшін қолайлы жағдай жасау және ең бастысы, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру басты міндет екенін атап өткім келеді. Бейнебақылау камераларымен, дабыл батырмаларымен жабдықтау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс барысымен танысып, барлық кездесу мен жиналыстардың қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма бердім - деді Асхат аймағамбетов.