Экс-министр әрі қазіргі депутатқа көп адам осы сұрақты қойған екен. Асхат Аймағамбетов осыған орай қысқаша ойын әлеуметтік желіге жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аймағамбетовтың жазуынша, бастысы «әлі де грантты жеңіп алуға мүмкіндік бар». Себебі біріншіден, игерілмеген бірнеше мың грант қайтадан үйлестіріледі. Яғни грант алған талапкерлерден кейін тұрған талапкерлерге ҰБТ-да жинаған ұпай санына сәйкес беріледі. Соны күтуге болады. Екіншіден, әкімдіктердің гранттары бар. Бірнеше мың грант жергілікті бюджеттен бөлінеді. Үшіншіден, «Қазақстан халқына» қорының гранттары тағы бар. Төртіншіден, кейбір талапкерлер түрлі себеп бойынша жеңіп алған гранттарынан бас тартады. Олардың саны да аз болмайды. Ол гранттар да қайта тағайындалады. Бесіншіден, тіпті ештеңе болмаса, университетке ақылы түрде түсіп, кейін жақсы оқып, GPA жоғары болса, білім алу кезінде босаған бос грантты ұтып алуға болады.
Алтыншы, «gap year» арқылы бір жыл дайындалып, қайтадан ҰБТ тапсырып, грантты жеңіп алуға болады. Ол менің өз басымнан өткен оқиға. Бұл да жақсы шешім.
Жетіншіден, колледжге түсуге болады. Колледжде грант көп, қажетті мамандықтар бойынша колледж бітіргендер нарықта тапшы. Керек болса, кейін әрі қарай ЖОО-ға түсіп, қысқа мерзімде жоғары білім алып шығуға да болады.
Көріп отырғандарыңыздай мүмкіндіктер өте көп. Бәрі алда. Толық мәлімет алу үшін университеттердің қабылдау комиссиясына жолығу керек, - дейді ол.
Еске сала кетейік, кеше Ғылым және жоғары білім министрлігі 2023-2024 оқу жылына арналған білім гранты иегерлерінің тізімін жариялады.