Аймағамбетов алаяқтардан күмәнді хабарлама алған

Бөлісу:
Аймағамбетов алаяқтардан күмәнді хабарлама алған
Фото: Мәжіліс Баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов алаяқтардан хабарлама алған. Депутат азаматтарды сақ болуға шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кеше түскі уақытта WhatsApp-қа күмәнді хабарлама келді: “Арнайы ауданаралық әкімшілік соты атқарушылық іс жүргізудің басталғаны туралы хабарлайды.”

Хабарламада менің ЖСН-ім көрсетілген, мәтін ресми стильде, бірден екі тілде жазылған – бәрі өте сенімді көрінеді. Төменде “құжаттармен танысу” деген сілтеме бар. Осындайда бірден ойланасың: “Бұл не? Қандай іс жүргізу?”, - деп айтты депутат.

Аймағамбетов алаяқтар дәл осылай жұмыс істейтініне тоқталды. Сөзінше, алаяқтар адамды абыржытады, ақпаратты тексеруге мүмкіндік бермейді, сілтемені ашуға асықтырады.

Мұндай схемаларды жақсы білемін, сондықтан күмәнді сілтемелерді баспаймын. Бірақ олардың қалай жұмыс істейтінін тексергім келді. Браузер тарихын ашып қарасам – “Сот кабинеті” мен мемлекеттік органдардың жалған көшірмелері тұр. Егер мен логин мен құпиясөзді енгізген болсам, алаяқтар бірден барлық дерегіме қол жеткізер еді. Одан кейін әлеуметтік желілердегі аккаунттарды бұзу, онлайн-несиелер рәсімдеу, қоңырауларды басқа нөмірге бағыттау, банк шоттардан ақша шешу, - сияқты әрекеттерді жасайтынын атап өтті ол.

Аймағамбетовтің әлеуметтік желілері мен басқа да ресурстарын бұзу әрекеттері тұрақты түрде қайталанып отыратын көрінеді. Бұл депутатқа ұйреншікті жағдайға айналған.

Депутат атап өткендей, алаяқтар түрлі тәсілдерді қолданады. Мысалы, жалған сайттар, фишингтік шабуылдар, спам-хабарламалар.

Депутат сақтық үшін мынадай шараларды қабылдаған:

- Барлық әлеуметтік желі, мессенджер және электрондық поштадағы хабарламаны автоматты түрде өшіруді орнатқан.

Бұзылған жағдайда алаяқтар бұл деректерді пайдалана алмауы үшін браузердегі cookie файлдарын, кэшті, сақталған құпиясөздерді және басқа да деректерді үнемі тазартып отырады.

- Максималды қорғаныс жүйесін орнатқан, жеке ақпаратты телефонда сақтамайды.

Бірақ тек осы шаралармен шектелуге болмайды. Кез келген адам бұзу мен жеке деректердің ұрлануынан толықтай қорғалған деп айта алмайды.

- Егер сізге осындай хабарлама келсе, не істеу керек?

- Сілтемеге баспаңыз.

Мемлекеттік органдар ешқашан WhatsApp, Telegram немесе SMS арқылы сілтемелер жібермейді!

- Логин, құпиясөз, ЖСН, банк деректерін енгізбеңіз!

- Браузердің кэшін және cookie файлдарын тазалаңыз.

- Қос сатылы аутентификация (2FA) орнатыңыз.

Бұл – бұзушыларға тосқауыл қоятын қосымша қауіпсіздік шарасы. Хабарлама жіберген нөмірді бұғаттап, Полицияға хабарлаңыз. Ең мықты қорғаныс – бұл сыни ойлау

Алаяқтар адам психологиясын өте жақсы біледі. Олар үрей тудырады, асықтырады, күтпеген жағдайға қояды. Егер адам паникаға берілсе, ол деректерін оңай бере салады. Кибергигиена мен цифрлық сауаттылық – бүгінгі күннің басты қажеттілігі. Мемлекеттік органдар әрдайым бір қадам алда болуы керек. Киберқауіпсіздікті күшейту үшін заңға бірқатар өзгерістер енгіздік, бірақ бұл бағыттағы жұмыс жалғасуы тиіс, - деп депутат азаматтарды сақ болуға шақырды.

 

Өзгелердің жаңалығы