Аймағамбетов 1-сыныпта 3 тілді меңгеру тиімсіз екенін мойындады

7 Маусым 2022, 17:30
2154
Бөлісу:
Аймағамбетов 1-сыныпта 3 тілді меңгеру тиімсіз екенін мойындады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бастауыш сыныптардағы үштілділік мәселесіне қатысты журналист Әсел Кенжалинаға берген сұхбатында айтты.

Осы тақырып бойынша зерттеулер мен талдаулар жүргізгеннен кейін біз бірінші сынып оқушысы үшін бірден 3 тілді меңгеру қиынға соғатынына көз жеткіздік – бұл тиімсіз. Мәселе дидактика мен физиологияда. Біз бұл мәселе бойынша шешім қабылдадық және бірінші сыныпта қазақ тілінде оқытатын мектептерде бала бір ғана тілді – қазақ тілін меңгеруі, яғни алдымен өз ана тілінде оқу мен жазуды меңгеруі үшін жұмыс істеп жатырмыз. Екінші сыныпта бағдарламаға орыс тілі, үшінші сыныпта ағылшын тілі қосылады, – деді министр.

Ал орыс тілінде оқытатын мектептерде 1-сыныпта орыс және мемлекеттік тілдер, 3-сыныптан бастап ағылшын тілі болады. Аймағамбетов әдістемелік тұрғыдан бұл орынды екенін және оны жүзеге асыруды жоспарлап отырғанын айтты.  

Бастауыш сыныптардағы үштілділік мәселесіне қатысты 16 сағатқа созылған онлайн марафон аясындағы дискуссияда Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Саясат Нұрбек те пікір білдірген болатын. Оның ойынша баланың кемінде 1-3 сынып аралығында бір тілді үйренгені абзал.

Әдістемелік жағынан кішкентай балалар тілді тез үйреніп кетеді. Ал нейрондық байланыстардың қалыптасуы жағынан олар шатасып кетуі мүмкін. Сондықтан 1-5 сыныптардың, кемінде 1-3 сынып аралығында бір тілді үйренген абзал, – деді депутат өз сөзінде. 

Өзгелердің жаңалығы