"Айлығы 20 млн теңге". Футболшының әйелі күйеуі үшін жауап берді

Бүгiн, 11:25
4947
Бөлісу:
"Айлығы 20 млн теңге". Футболшының әйелі күйеуі үшін жауап берді
Фото: Фото: Instagram/tagybergen_mahabbat

Шымкенттік "Ордабасы" клубының және Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Асхат Тағыбергеннің жұбайы Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбековтің сынына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұлттық құраманың капитанының жары – Махаббат әлеуметтік желіде Асхат Тағыбергеннің ойын сәттерінен видео жариялады.

Футболшының жұбайы жанжалға араласқысы келмейтінін, бірақ әділетсіздікке де төзе алмайтынын жазды. Сондай-ақ Махаббат жанкүйерлерге қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.

Әйелі ретінде мен Асхаттың футболға қосқан үлесімен және әділ ойнап, бар күшін салғаны үшін мақтанамын. Ешкіммен айтысып, салғыласпаймын, бірақ әділетсіздікке үнсіз қалу да дұрыс емес. Әр жанкүйерді құрметтеймін, бірақ бір маусыммен ғана баға бермей, жақсы сәттерді ұмытпайық. Қолдауларыңыз үшін алғысым шексіз! – деп жазды капитанның жары.

Еске сала кетсек, бұған дейін Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков қала тұрғындарымен кездесу кезінде Асхат Тағыбергенге қатысты пікір білдірген еді. Оның айтуынша, футболшы дұрыс ойнай алмай жүр, бірақ командадан да кеткісі келмейді.

Сонымен қатар Сыздықбеков футболшының жалақысын жария етіп, оның айлығы 20 миллион теңге екенін мәлімдеді.

Еске салсақ Ғабит Сыздықбеков 2023 жылдың 5 қыркүйегінде Шымкент әкімі болып тағайындалды. Бір айдан кейін "Ордабасы" өз тарихында алғаш рет ел чемпионы атанды. Ал өткен маусымда команда 4-орын алып, қола жүлдегер "Ақтөбеден" небәрі 1 ұпайға қалып қойды.

Ал 34 жастағы Асхат Тағыберген Қазақстан премьер-лигасының жаңа маусымындағы екі матчта негізгі құрамда алаңға шықты, бірақ нәтижелі әрекеттерімен көзге түспеді. Соған қарамастан, Қазақстан құрамасының бас бапкері оны 23 және 26 наурызда өтетін Уэльс пен Лихтенштейнге қарсы ойындарға шақырды.

Өзгелердің жаңалығы