Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған партиясының Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісіндегі фракция отырысында мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ Hurriyet басылымына сілтеме жасап.
Ердоған Ыстанбұл қалалық әкімдігіне қатысты тергеулер туралы пікір білдіріп, былай деді:
Ыстанбұлдың үлкен және кейбір аудан әкімдіктерінде жемқорлық, ұрлық, парақорлық мәселесінде нағыз жауыздықтың кітабын жазғаны белгілі болды. Адамдарды көшеге шығарып, хаос тудырып, жанжалдың бетін жабуға тырысты, - дейді ол.
Сондай-ақ Ердоған Республикалық халық партиясының әрекеттерін және бойкот шақыруларын қатаң сынға алып:
Түркия экономикасына және халықтың әл-ауқатына бағытталған кез келген диверсия үшін сот алдында жауап беріледі. Халықтың бірлігін бұзуға тырысқандар ақыры әділдік алдында жауап береді, – деді ол.
Түркия президенті РХП-ның жемқорлық механизмдері әшкереленгенін атап өтіп, партияны жала жаппауға шақырды.
Лас айлаларыңызды қойыңдар. Өздеріңіз түсіп кеткен орға бізді де сүйремеңдер. Егер өз-өздеріңізге деген аз да болса құрметтеріңіз болса – адал әрі ашық болыңыздар, – деп мәлімдеді ол.