Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында экология мәселесі де назарға алынған болатын. Осыған орай Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының басшысы Айгүл Соловьева бүгінгі отырыс барысында Мемлекет басшысының экологияға баса мән беруі - маңызды тұжырымдамалық сипатқа ие екенін айтты.
Бірінші – қайта өңдеуден өтетін тұрмыстық қалдық көлемі небәрі 15% болғаны жеткіліксіз. Егер мұны тәжірибе жүзінде елестетіп көрсеңіз, үйіңіздің 85%-ы қалдықтың астында қалатынын байқауға болады. Президент айтқан жыл сайын пайда болатын 5 млн тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық санкцияланбаған жерлерде тазалық түсінігін жойып қана қоймай, ауаға тарап, адам денсаулығына орасан зиян келтіретін метан газын бөліп шығарады. Сол себепті экологияға тиісті деңгейде мән беріліп, қайта өңдеумен айналысатын зауыттардың құрылуы, бұл - мәселені шешудің айқын жолы. Менің ойымша, пандемия жағдайында бұл дұрыс бағыт болып отыр. Өйткені, қазіргі вирус атаулының, тіпті пневмония көрсеткішінің артуы – экология жағдайдың төмендігінің индикаторы. Қоқыстан ауаға тараған небір заттар түптің түбінде адам ағзасына түсіп, иммунитеттің әлсіреуіне алып келеді, - деді ол.
Айгүл Соловьева экологиялық өмір салты әрбір адамға бала кезден сіңірілуі қажет деген пікірде.
Экологиясы жақсы елдің экономикасы да мықты болатыны даусыз. Әрине, бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз атқарылуы үшін білім керек. Себебі, экологиялық өмір салты, мәдениеті әрбір адамға бала кезден сіңірілуі қажет. Бұл біздің дәстүрімізге де, өмір сүру сипатымызға да қайшы келмейді. Біздің ұлт әр кезде де табиғатпен үндестікте өмір сүріп, оның жағдайына қарай бағыт алып отырған, - деді ол.
Оқи отырыңыз: