Коммунистік билік қазақ халқының әдебиеті мен мәдениеті осыншалықты терең де мазмұнды екендігін мойындағысы келмегені анық. Бұл туралы «Әдебиет порталының» YouTube арнасында айтылды. Филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісмақова «Әдебиет танытқыш» тақырыбында қаузалған дискуссияда терең ойларын бөлісті.
Патша заманында рұқсат етілген, «Қазақ» газетінде жарық көрген «Әдебиет танытқыш» пен «Мәдениет тарихының» алғашқы тараулары – оның бәрі Совет кезінде қауіпті деп танылды. 1926 жылы шыққан «Әдебиет танытқыштың» тағдыры бірден Совет үкіметіне қауіп төндірді. Кітап шығысымен ол тарап кетті, - деп атап көрсетеді, профессор Айгүл Ісмақова.
Сондай-ақ, әдебиеттанушы ғалым Ұлан Еркінбай да Ахмет Байтұрсынұлының өз заманынан алға озып кеткен тұлға екендігін айтады.
Жас зерттеушілер соңғы кезде «Әдебиет танытқышқа» тереңдеп барып жүргенін көрген жоқпын. 2000 жылдардан бастап осы уақытқа дейінгі біздік контексте де Ахаң қолданған төл терминология барлық салаларда кездесіп жүрген жоқ. Бұл – бір жағынан ойлағанда, Ахаң – ұлт ұстазы ретінде уақыттан озып кеткен адам екендігінде болар, - дейді ғалым Ұлан Еркінбай.