Алматы, BAQ.KZ. Қазақ эстрадасында тек қана қыздардан құралған алғашқы өнер ұжымы – «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблінің 50 жылдына орай «Аңызға айналған «Айгүл» атты шығармашылық кеш өтеді.
Көзіқарақты көпшілік «қазақ қыздарының парасат мектебі» деп ат қойып, айдар таққан Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті өзінің 75 жылдық төл тарихында тек жоғары білікті педагог мамандар даярлап қана қоймай, еліміздің өнер мен мәдениет саласының дамуына да елеулі үлес қосты. Осы жылдар аралығында қарашаңырақ оқу орны талай таланттың томағасын сыпырып, дарынын ұштады. Ұлағат ұясында мыңдаған жас білім алып, армандарын асқақтатып, қияға қанат қақты. Шығармашылық шыңдарды бағындырды. Еліміздегі мәдениет қызметкерлері мен ұстаздардың үлкен тобы осы ұлағат ұясынан шыңдалып шығып, бүгінде ұлан-байтақ Отанымыздың түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп жатыр.
Мәдениет пен өнер – ұлттың рухани өзегі, парасаты мен бет-бейнесі. Өркениетті мемлекет ең алдымен төл тарихымен, бай мәдениетімен ерекшеленбек. Осы орайда оқу орнының студенттерінен құралған «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблінің құрылуы қазақ өнерінің тарихындағы айтулы құбылыс болғандығы белгілі. Ансамбль әлемнің көптеген мемлекеттерінде өнер көрсетіп, еліміздің мәдениетінің танылуына және дамуына елеулі үлес қосты.
Әлемнің 10-нан астам елінің үлкен сахналарында өнер көрсеткен «айгүлдіктердің» ерен еңбегі ескерусіз қалмады. Мемлекеттік сыйлықтармен марапатталып, «Халықтық шығармашыл ұжым» атағына ие болды. Бірнеше байқауларда «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шығып, үздік атанды. Аты аңызға айналған топ құрамында өнер көрсеткен әншілер бүгінде есімі елге танымал тұлғалар. Қазіргі күнде де аға буын өкілдері жастарға ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар көрсетіп келеді. Бұл тағылымды дәстүр – ұрпақтар сабақтастығының тамаша үлгісі.
Шығармашылық кеш барысында «Айгүл» ансамблінің бірнеше буыны бірлесе өнер көрсетіп, шоқтығы биік әндерді орындамақ.