Әйгілі мурал ұшақта пайда болды: Суретші әуе компаниясын сотқа берді

Эрнест Захаревич әуе тасымалдаушыны өз туындысын рұқсатсыз ұшақтың сыртқы безендіруінде пайдаланған деп айыптап отыр.

 Эрнест Захаревич 13 Ақпан 2026, 17:29
13 Ақпан 2026, 17:29
3178
Фото: Эрнест Захаревич

Малайзияда тұратын литвалық суретші Эрнест Захаревич бюджеттік әуе компаниясы AirAsia мен оның бас компаниясы Capital A Berhad-ты сотқа берді. Ол әуе тасымалдаушыны өз туындысын рұқсатсыз ұшақтың сыртқы безендіруінде пайдаланған деп айыптап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі ВВС агенттігіне сілтеме жасап.

Суретшінің айтуынша, оның 2012 жылы Пенангтағы фестиваль аясында салған әйгілі «Children on Bicycle» атты көше фрескасы 2024 жылдың соңында AirAsia ұшағының ливреясында қолданылған. Бұл оның келісімінсіз, лицензиялық рұқсатсыз жасалған. Захаревич бұл жағдайды әуежайда өз көзімен көргенін айтады.

Фото: Эрнест Захаревич

Аталған фреска Малайзиядағы Джорджтаун қаласының тарихи бөлігінде орналасқан және Пенангтың символына айналған. Туристер бұл туындының жанында жиі суретке түседі.

Фото: Эрнест Захаревич

Суретші бұған дейін де AirAsia оның жұмыстарын жарнама және өнімдерінде пайдаланғанын алға тартты. Оның сөзінше, тараптар келіссөз жүргізгенімен, ортақ мәмілеге келе алмаған.

Талап-арызда әуе компаниясы автордың туындысын «қасақана түрде көпшілікке көрсетіп, авторлық және моральдық құқықтарын бұзды» деп көрсетілген. Захаревич өтемақы мөлшерін соттың шешуіне қалдырғанын мәлімдеді.

AirAsia – Азиядағы ең ірі лоукостерлердің бірі. Компания 200-ден астам ұшақты пайдаланып, 100-ден астам бағытқа рейс орындайды. Жуырда әуе компаниясы Куала-Лумпур – Лондон бағыты бойынша Бахрейн арқылы рейстерді қайта жандандыратынын жариялаған.

Наверх