Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР президенттігіне үміткер ретінде ұсынылған Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел басшысы ретіндегі қызметіне қатысты сарапшы Айдос Сарымның пікірін білдік.
- Қасым-Жомарт Тоқаев президент ретінде елге қандай жаңашылдық әкелуі мүмкін?
- «Менің ойымша, саясаткер ретінде, саяси тұлға, жаңа президент ретінде бірінші жасайтын қадамы – билік пен элитаның бірлігін көрсету, паш ету.
Біздің билік өкінішке қарай, басқа темпте, басқа режимде жұмыс істеді. Сондықтан қазір күрделілік жағдайында жұмыс істеу керек. Қоғам өзгеріп жатыр, экономиканың үрдісі өзгеріп жатыр. Осыған орай, биліктің тек бет сипаты ғана емес, табиғаты мен болмысы өзгеру керек.
Екінші мәселе, билік қоғамға жақын болуы, қоғамдық талаптарға, сұраныстарға сай болуы, соған «құлағын түріп жүру» және көзінің «ашық болуын» қамтамасыз ету керек.
Үшінші мәселе, инвесторлар мен кәсіпкерлер тарапынан көптеген әңгіме айтылып жатыр. Жемқорлық мәселесі, ел ішіндегі экономиканың мұнай ағынына қарап қалуы, мұнай арқасында өмір сүруі деген мәселе бар. Осы инвесторларға жауап ретінде кепілдеме беру, мүлік пен капиталдың мызғымастығын қамтамасыз ету деген мәселе беру. Ал, енді, болашақта шағын және орта бизнесті қолдау, инвестициялардың жолын ашу сияқты жобаларға мұрындық бола білсе, соның ойын-ережесін жасақтаушы мемлекеттік аппарат осыған тиісті құрылғыларды жасақтай алса, менің ойымша, ол кісінің президенттігін жемісті болды, жеңісті болды деп айтуға мүмкіндік шығады», - деді Айдос Сарым.