Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен «Саяси реформалар 5.0: Сараптамалық көзқарас» атты дөңгелек үстел барысында мәжілісмен, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айдос Сарым хабарлады.
Саяси реформалар елімізде қалыптасқан саяси бәсекелестік ережелерін қайта жасақтауға бағытталады. Яғни партиялар туралы заңға өзгеріс, сайлау үдерістеріне, конституциялық өзгерістердің мақсаты біреу – саяси алаңды жаңарту, алаңға жаңа ойыншылардың келуіне мүмкіндік беру арқылы жаңа саяси диалогты бастау. Саяси диалог сөзсіз үлкен саяси сенімге итермелеуі керек. Ал саяси сенім жаңа ойын ережесін қалыптастырып жаңа саяси мәдениетке бәрімізді біріктіруі тиіс, - деп атап өтті депутат.
Сондай-ақ мәжілісмен реформалардың қалай және қандай кезекпен іске асыруымыз қажеттігін алға тартты.
Ең алдымен, Президент Конституцияға өзгерістер қажеттігін айтты. 30-дан астам бапқа нақты өзгерістер енгізіледі. Одан соң жаңадан құрылып жатқан құрылымдар туралы заң қабылдау керек болады. Қазақстанда ең үлкен мәселенің бірі – әділет мәселесі екенін көріп отырмыз. Айына әр депутатқа аймақтардан әділеттілік іздеген жандардан 20 шақты хат келеді. Ал Конституциялық соттың қайтадан өмірге келуі әділеттілікті қамтамасыз ету жолындағы кешенді институтқа айналуы елдегі сот жүйесінің дамуына жақсы пәрмен береді. Себебі нақты бір топ азаматтары бірігіп адам құқықтары жөніндегі уәкіл немесе прокуратура арқылы Конституциялық сотқа жүгініп, өзінің ғана мәселесін емес, басқа да заңсыздықтарды ауыздықтауға жол ашылады, - деді Айдос Сарым.