Айдос Сарым еліміздегі сыбайлас жемқорлықтың таралу себептерін атады

2 Қыркүйек 2021, 15:37
4111
Бөлісу:
Айдос Сарым еліміздегі сыбайлас жемқорлықтың таралу себептерін атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым «AntikorLive» жобасында мәлімдеді.

Оның айтуынша, еліміз нарықтық экономикаға өткелі бері алғашқы капиталды жинақтау кезеңінде. Өркениетті мемлекеттерде капитализмге кірген кезде олардың да қаржылары ұрлық пен жемқорлыққа кеткен. Бірақ қоғам белгілі бір тығырыққа тірелген кезде бұл мәселеден арылады.

Біз 2021 жылда отырып, әкімдерді сайлау, парламенттік партиялар мен әйелдердің құқығы секілді саяси мәселелерді қозғап жүрміз. Бұндай оқиғалар қалыптасып келе жатқан Америкада да өршіген болатын. Оған мысал ретінде Леонардо Ди Каприо сомдаған «Мықты болсаң, ұстап көр» фильмін айта аламыз. Фильмде бұл үдеріс жақсы түсіндірілген, - деді саясаткер. 

Сонымен қатар депутат мәнді дереккөздердің азайып кеткендігін айтады. Соның кеселінен қоғам ортасында сенімсіздік орнауда. 

Қоғам ішінде қиындап кеткен мәселе – сенімсіздік. Ешкім ешкімге сенбейді. Бүгін біреу бірдеңе десе, соның артынан жүгіреміз. Одан оны қарғап, басқаның артынан жүгіреміз. Бұндай жағдайдан құтылудың бір жолы - тартымды әрі танымды деректердің көбеюі. Мәселен, ұлттық компаниялардың сайттарын қарасақ, көптеген ақпарат атымен жоқ, - деді ол. 

Оның мәлімдеуінше, жалпы елдегі кейбір түсініспеушіліктің себебі түрлі ұрпақтың өмір сүруінде. 

Біздің елде қазір өте қызықты тарихи үдерістер жүріп жатыр. Бірінші өзгеріс - пост-кеңестік заманның аяқталуы. Қазір елімізде Тәуелсіздіктен кейін дүниеге келген екі ұрпақ өмір сүріп жатыр. Сондай-ақ Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, Сталин билігін көргендер де бар. Ал Брежнев кезіндегілер зейнетке шығып жатыр. Ұрпақ ауысып, бір қалыпқа түскен кез болып отыр, - деді Айдос Сарым. 

Бұған дейін депутат Президент тапсырмаларының орындалуына қатаң бақылау орнату керек екенін атап өткен болатын.

Өзгелердің жаңалығы