«Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны өтіп жатыр

28 Қыркүйек 2020, 22:04
1840
Бөлісу:
«Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны өтіп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада «Айбын» VI республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының ашылуы өтті. Іс-шара 30 қарашаға дейін жалғасады.

Елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты іс-шара  алғаш рет онлайн режимде өткізілуде. Республикалық жиынға еліміздің барлық өңірлерінен 39 команда қатысуда. Олардың құрамында «Жас ұлан» республикалық мектептерінің, өңірлік әскери мектеп-интернаттарының, Қарулы Күштердің әскери-патриоттық клубтарының, ҰҚК Шекара қызметінің, ІІМ Ұлттық ұланының, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарының тәрбиеленушілері бар. Қатысушылардың жалпы саны 585 адамды құрайды. 

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тұрақты назарының арқасында «Жас Сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының қызметі жыл сайын жанданып келеді. 2018 жылдан бастап әскери-патриоттық клубтардың саны 2828-ден 6640-қа дейін өсті. Ал олардың тәрбиеленушілерінің саны соңғы жылдары 74 164-тен 195 886-ға дейін жетті.

Үйлестіру мақсатында Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында фронт-офис құрылды. Онда Led-экран арқылы барлық жарысқа қатысушылардың өнерін көруге болады. Командалар өз елді мекендерінде тікелей көрсетілімді жүзеге асыра алады. Іс-шараны өткізу үшін Aibynonline.kz онлайн-платформасы және Aibyn мобильді қосымшалары мен веб-сайт әзірленді.

Биыл әскери-қолданбалы спорт түрлерінен жарыстар өткізілмек. Байқауға қатысушылар «Айбын дарыны» интеллектуалдық ойынына, «Айбын жұлдызы», «Саламатты Жас Сарбаз», «Смарт Сарбаз» байқауларына қатысады. Еріктілер жылы аясында «Біз біргеміз» челлендждер байқаулары өтеді.

Әділқазылар алқасы Нұр-Сұлтанда жарыс қатысуларының өнерін сарапқа салады. Сонымен қатар командалардың онлайн көрсетілімдері мен бейнероликтерін мұқият зерделегеннен кейін әскери сарапшылар мен мамандар әскери мектептер мен клубтардың республикалық байқауының жеңімпаздарын анықтайды.

 «Айбын» VI республикалық әскери-патриоттық жастар жиынын Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев ашты. Министр қатысушыларға жарыста табыс пен рух сергектігін тіледі.

Адал және табанды күресте жеңіске деген үміттеріңізді жоғалтпаңыздар, бастысы – жеңіс емес, осы жарыста жетілдіре алатын дағдылар, – деп жиынға қатысушыларды құттықтады.

Іс-шараны жариялау үшін Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Аibyntv студиясы ашылды. Аталмыш студияда «Жас сарбаз медиа» шығармашылық тобының жас тілшілері жиын конкурстары мен қорытындылары туралы репортаждар жүргізеді.

Республикалық жиынының салтанатты жабылу рәсімі ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасында өтеді. Оған жеңімпаз командалар капитандары шақырылатын болады. Бұл ретте барлық өңірлер бейне байланыс арқылы бас фронт-кеңсеге қосыла алады.

Өзгелердің жаңалығы