Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай елордада VII «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының ашылу салтанаты өтті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жылда дәстүрлі түрде өткізілетін жиын биыл да екінші мәрте онлайн-форматта өткізілумен ерекшеленіп отыр. Яғни, барлық қатысушылар әскери жиынның ашылу салтанатын тікелей эфирде тамашалады. Аталған жиын 6 қазан мен 30 қараша аралығына дейін жалғасады. Оған еліміздің барлық өңірінен 74 команда 1100-ден астам адам қатысып жатыр.
Бұл додаға Түркістан облысынан 3 команда жіберілді. Арыс қаласынан – «Барыс», Созақ ауданынан – «Теріскей тарландары» және Төлеби ауданынан – «Төлеби тарландары» атты командалар облысымыздың намысын қорғайтын болады. Сонымен қатар Арыс қаласында өткен іс-шарада Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы полковник Н.Дюсебаев, ҚР ҚК ардагерлерлер кеңесінің Түркістан облысы бойынша төрағасы запастағы подполковник Б.Алдабергенов қатысушыларға жеңіс тіледі.
«Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны – бұл бірегей әскери-патриоттық іс-шара. Мақсаты – елдегі жастарды әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеу, өскелең ұрпақтың бойында Отанын қорғауға деген отансүйгіштік сезім мен ер-азаматқа тән қасиеттерді қалыптастыру.
«Айбын-2021» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысушылар әскери қолданбалы спорт түрлерінен сайыс өткізеді. Интеллектуалдық және шығармашылық қабілеттері де сынға түседі.
Созақ ауданының «Теріскей тарландары» командасы құрамында сайдың тасындай іріктелген 10 ұл мен 5 қыз қызу әзірлікке кірісіп кетті. Созақ ауданының әкімі Салыхан Сабырұлы онлайн форматтағы жиын өткеннен соң жас сарбаздарды айтулы шарамен құттықтап, команда мүшелеріне жарыс жеңіс, сәттілік тіледі.