Демалыс маусымы жақындағандықтан, халық арасында долларға сұраныс артуда. Экономист пікірінше, осыған дейін инфляциямен күресте импорт бағасының қымбаттамауына біршама үміт артылған еді. Теңге күшейсе немесе оның бағамы белгілі бір дәрежеде тұрақтанса, елімізге келетін импорттың да бағасы тынышталады деген күтулер болды. Дегенмен экономист "15 минуттық экономика" жобасында талқылап, кез келген уақытта бұл жағдайдың өзгеріп кетуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еліміздің экономикалық жағдайын тексерген Халықаралық валюта қоры биылғы экономикалық өсімді мұнай өндірудің ұлғаюымен және ішкі сұраныстың жоғары болуымен байланыстырады, - дейді ол.
Бір сөзбен айтқанда, сарапшы пікірінше, экономикалық өсім көрсетеміз деп еліміз сырттан да, іштен де біршама қарыз алған. Ішкі сұранысты мемлекет есебінен ынталандыру жоғары инфляцияға, бюджеттің мұнайлық емес тапшылығының ұлғаюына және елдегі төлем балансының ағымдағы шоты дефицитінің өсуіне алып келді.
Сарапшы атап өткендей, былтыр көктемде Мемлекет басшысы экономиканы либералдандыру туралы арнайы жарлық қабылдады. Онда көрсетілген шаралар әзірге аяқсыз қалып отыр.
Біз қайтадан қолмен басқару, мемлекеттік «гайкаларды» қатаңдату режиміне ақырындап ойысып бара жатқан сияқтымыз, - дейді Айбар Олжай.
Сондай-ақ экономист пікірінше, инфляцияны орнына қою үшін үлкен бір жүйелі жұмыстар істелуі керек.
Ол үшін квазимемлекеттік компаниялардың көбісін жабу немесе барлығын жекеге беру керек, - дейді ол.
Себебін де жекеменшік бұл тарапта өз позициясын жоғалтқан деп түсіндіреді.
Біздің бизнес көп салада өзінің біліктілігін жоғалтып алған, өйткені сол салаларға мемлекет кіріп, барлық ойыншыларды ығыстырып тастаған. Негізгі проблемамыз осында, - деп түсіндірді экономист.
Сондықтан ол мемлекеттің экономикадағы үлесін қысқартқанда ғана инфляцияны жеңе алатынымызды айтады.
Барлық жерде бәсекелестік болса, жекеменшік компаниялар жұмыс істесе, монополия жойылса, халық өзі таңдау жасай алатын деңгейге жетсе - бәсекелестік бағаны түсіріп, теңге бағамы да тұрақтанар еді, - дейді Айбар Олжай.
Бұған дейін экономист 2025 жылы инфляция 12-13% болса, 2026 жылы 9,5-12,5% шегінде күтіледі. Келесі жылы инфляция қатты түсе қоймайды деп болжаған болатын.