BAQ.KZ ақпарат агенттігінің “15 минуттық экономика” жобасының жаңа саны көрерменге жол тартты. Бұл жолы экономист Айбар Олжай Үкімет, Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі инфляцияны түсіру, экономиканы сапалы өсіру мен халықтың жағдайын жақсарту үшін қандай жұмыстар атқаратынын жеке-жеке түсіндірді.
Сондай-ақ экономист неге Қазақстанда экономиканы өсіріп, дәл сол кезде инфляцияны түсіру мүмкін болмай келгенін және үш орган бірлесіп жасаған жұмыс жоспарында осы парадокс өзгеруі мүмкін бе екенін талдады.
Қазақстанда экономиканың өсуі мен инфляцияны ауыздықтау – бір-біріне қарама қайшы бағытталған процесстер болып келді. Біз бәленбай жылдан бері осы экономикалық парадоксты шеше алмай келеміз. Егер инфляцияны тұншықтырғымыз келсе, онда экономикалық өсімнің де тамырына балта шауып тастаймыз. Егер экономика өссін десек, онда инфляция да қатар өсе бастайды. Негізі Үкімет пен биліктің асыл арманы – экономиканы өсіріп, дәл сол кезде инфляцияны төмен түсіру. Неге бізде ол мүмкін болмай келді және ендігі бірлескен жұмыс жоспары осы парадоксты өзгерте ала ма? – деп түсіндірді экономист.