Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қырғызстаннан келген жүргізуші павлодарлық полицейлерге алғысын білдірді.
Polisia.kz хабарлауынша, мереке күндері Павлодар облысында қатты аяз, көктайғақ болатыны жөнінде ескерту жасалған еді. Кейбір жерде ауа температурасы -43°С-қа дейін жеткен. Ескертуге қарамастан кейбір автокөлік жүргізушісі жолға шығып кетеді. Нәтижесінде автокөліктер төмен температураға шыдамай, жолда тоқтап қалған.
Патрульдік полиция ротасы қызметінің инспекторы Рустам Верещак Шідерті кентінің жанындағы «Павлодар-Нұр-Сұлтан» автожолының трассасын патрульдеу кезінде жүк көлігін көрді.
Жүк көлігінің жүргізушісі «Қазгидромет» орталығының ескертуіне қарамастан жолға шыққан. Біз жақындаған кезде жүргізуші қандай да бір көмектің боларынан үміт үзген, қатты тоңып, үсіп қалу қаупі бар еді. Келе жатып, жүргізушіден не болғанын сұрадық. Жүргізуші Ресей Федерациясынан Қырғызстан Республикасына келе жатқаны белгілі болды. Қатты аяз салдарынан көліктің жанармайы қатып қалған. Олар түннен бастап тұрған екен. Біз оларды ең жақын кемпингке жіберіп, өзіміз көлікті жылыту жұмыстарына кірістік. Көлік жылығаннан кейін жүргізушілер жолға қайта шықты. Біздің әріптесім Азамат Шақшабаев екеуміз олармен сағат сайын бірге хабарласып отырдық, – деді ол.