Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Аяз, найзағай, тұман: 15 облыста дауылды ескерту жарияланды

13 Қазан 2025, 22:53
539
Бөлісу:
 pixabay
Фото: pixabay

Ертең, 14 қазанда еліміздің он бес өңірінде дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ "Қазгидромет" РМК-ға сілтеме жасап.

Синоптиктердің болжамынша, еліміздің бірнеше аймағында қатты жел соғып, тұман түсіп, кей жерлерде шаңды дауыл мен найзағай күтіледі. Кей өңірлерде ауа температурасы төмендеп, аяз байқалуы мүмкін.

Жетісу облысында солтүстік-шығыс бағыттан соққан желдің екпіні Алакөл көлдері ауданында секундына 23-28 метрге дейін жетеді. Облыс орталығында түнде –3°С, ал Талдықорғанда –1…–3°С аяз күтіледі.

Қызылорда облысының солтүстігі мен орталығында шаңды дауыл тұрып, желдің жылдамдығы 15-20 м/с дейін күшейеді. Өңірдің солтүстігі мен орталығында төтенше өрт қаупі сақталады.

Ақтөбе облысында да оңтүстік-шығыс бағыттан соққан желдің екпіні 15-18 м/с дейін жетеді. Облыстың оңтүстігі мен шығысында жоғары өрт қаупі бар.

Атырау облысының батысында, солтүстігі мен шығысында найзағай күтіледі. Шығысында желдің екпіні 15-20 м/с, ал өңір бойынша өрт қаупі өте жоғары деңгейде.

Жамбыл облысының таулы аудандарында түнде және таңертең тұман түседі. Кей аймақтарда жел 15-20 м/с дейін күшейеді, ал түнде –1°С аяз байқалады. Облыстың батысы мен солтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.

Маңғыстау облысының батысында, оңтүстігі мен орталығында солтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с дейін күшейеді. Өңір бойынша өрт қаупі жоғары. Ақтауда күндіз жел 15-18 м/с дейін жетеді.

Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында және орталығында түнде қатты жаңбыр жауады. Оңтүстік пен оңтүстік-шығыста төтенше өрт қаупі сақталады.

Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында түнде және таңертең тұман күтіледі, желдің екпіні 15-20 м/с дейін күшейеді.

Ұлытау және Қостанай облыстарында өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.

Түркістан облысының солтүстігінде шаңды дауыл, ал шығыс бағыттан соққан желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетеді. Облыс бойынша төтенше өрт қаупі бар.

Абай және Ақмола облыстарында да түнде және таңертең тұман түседі, жел 15-20 м/с дейін күшейеді, өрт қаупі жоғары.

Мамандар тұрғындарға ауа райының күрт өзгеруіне байланысты сақтық шараларын ұстануға кеңес береді: ашық алаңдардан аулақ болу, әлсіз бекітілген заттарды қауіпсіз жерге көшіру және мүмкіндігінше үйден шықпау ұсынылады.

Өзгелердің жаңалығы