Ертең, 29 қыркүйекте Қазақстанның барлық өңірінде қолайсыз ауа райы күтілуіне байланысты дауылды ескерту жарияланды. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Синоптиктердің болжамына сәйкес, ел аумағында түнде және таңертең тұман түсіп, кей жерлерде -1…-3°С аяз байқалады. Бірқатар өңірде жауын-шашын қарға ауысып, көктайғақ болады. Шығыс пен орталықта қатты жаңбыр, бұршақ, дауыл күтілсе, оңтүстік пен оңтүстік-шығыста найзағай ойнап, желдің екпіні 15–20 м/с дейін күшейеді.
Сонымен қатар Маңғыстау, Түркістан, Атырау, Қызылорда, Ұлытау, Жамбыл және Ақтөбе облыстарының жекелеген аумақтарында төтенше өрт қаупі сақталуда.
Мамандар алдағы күндері ауа райының құбылмалы болып, республикада қысқы сипаттағы алғашқы құбылыстар байқалуы мүмкін екенін ескертті.