Ертең, 16 қаңтар күні Қазақстанның 15 облысында қолайсыз ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланды. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кей өңірлерде ауа температурасы –40…–42 градусқа дейін төмендейді, қарлы боран, тұман, көктайғақ және қатты жел күтіледі.
Шығыс Қазақстан облысында түнде –42 градус қатты аяз болжануда, тұман түседі.
Абай облысының солтүстігінде түнгі аяз –40 градусқа дейін жетуі мүмкін.
Қарағанды облысының солтүстік-шығысында түнде –35…–38 градус аяз күтіледі.
Ұлытау, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында қар, боран, көктайғақ және желдің екпіні 15-28 м/с-қа дейін күшейеді.
Қызылорда облысында қар, боран, тұман және жел күшейеді.
Түркістан және Жамбыл облыстарында қар мен жауын-шашын, таулы аймақтарда қалың қар, көктайғақ күтіледі.
Алматы, Жетісу облыстарында қар, төменгі боран, тұман және көктайғақ болжанған.
Метеорологтар тұрғындарды алыс жолға шықпауға, ауа райы күрт нашарлайтын аймақтарда қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.