Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Автонесиеге балама ма, тәуекел ме: Қазақстанда автолизинг қалай жұмыс істейді?

Кеше, 07:30
450
Бөлісу:
 BAQ.KZ коллаж
Фото: BAQ.KZ коллаж

Қазақстанда жеке тұлғаларға арналған автолизинг  енгізілді. Көлікке қол жеткізудің бұл тетігі ай сайынғы төлемді азайтып, жоғары санаттағы автокөлікті таңдауға мүмкіндік береді. Алайда сарапшылар лизингті "арзан шешім" деп қабылдамауға шақырады. Қаржылық лизинг қалай жұмыс істейді, оның автонесиеден айырмашылығы неде, мемлекет автокөлік сатып алуды не үшін қолдап отыр және көлік алуға ниетті қазақстандықтарды қандай тәуекелдер күтуі мүмкін. BAQ.KZ тілшісі зерделеп көрді.

Автокөлік – қажеттілік, ал қаржыландыру – таңдау

Қазақстанда автокөлік көпшілік үшін сән емес, күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналды. Жұмысқа қатынау, балаларды тасу, қызмет көрсету саласы – барлығы көлікке тәуелді. Бірақ автонесие талаптары қатаңдап, бастапқы жарна мен ай сайынғы төлемдер өскен сайын балама тетіктерге сұраныс артты.

2025 жылғы 1 желтоқсаннан бастап елде жеке тұлғаларға арналған автолизинг іске қосылды. Бұған дейін тек кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар пайдаланған механизм енді қарапайым азаматтарға да қолжетімді.

Қысқаша тоқталсақ, лизинг – бұл ұзақ мерзімді жалдау. Көлік лизингтік компанияның балансында қалады, ал клиент ай сайын тек пайдаланғаны мен өтемпұлын төлейді. Келісімшарт соңында үш нұсқа бар: көлікті қайтару, қалдық құны бойынша сатып алу немесе жаңа көлікке ауысу.

Автолизинг: үнемдеу ме?

Экономист Бауыржан Искаковтың айтуынша, лизингтің басты артықшылығы – ай сайынғы төлемнің төмен болуы.

Автонесие кезінде төлем көліктің толық құнына есептеледі, ал лизингте амортизация ескеріледі. Соның арқасында бірдей баға мен мерзімде ай сайынғы төлем 15–30 пайызға дейін азаюы мүмкін, – дейді ол.

Алайда бұл үнемдеудің екінші жағы да бар.

Қосымша комиссиялар мен келісімшарт шарттарына байланысты лизингтегі көліктің жалпы құны 5–10 пайызға қымбатқа түсуі ықтимал. Мерзім ұзақ болған сайын бұл айырмашылық онша сезілмейді, – деп нақтылады сарапшы.

"Нөлдік пайыз": шындық па, маркетинг пе?

Лизинг жарнамасында "пайызсыз" деген сөз жиі айтылады. Бірақ экономист мұндай ұсыныстарға сақтықпен қарау қажет деп отыр.

Пайызсыз лизинг көбіне маркетингтік тәсіл. Нақты жүктеме комиссиялар, міндетті сақтандыру немесе модель мен мерзімге қойылатын шектеулер арқылы жасырылады. Шынымен нөлдік мөлшерлемесі бар лизингті көрген жоқпын, – дейді Бауыржан Искаков.

Сондықтан келісімшарттағы барлық қосымша төлемді, мерзімінен бұрын өтеу шарттарын және қызмет көрсету ақысын мұқият оқу қажет.

Автопаркті жаңартудың жаңа форматы

Авто сарапшы Алексей Алексеев лизингті көлікті жиі жаңартқысы келетіндер үшін тиімді тетік деп санайды.

2–3 жыл лизингке алып, кейін жаңасына ауысуға болады. Егер төлем тәртібі жақсы болса, клиент көлікті жиі ауыстырып, ұтылмай жүре алады, – дейді ол.

Сарапшының айтуынша, ең тиімді модель – лизингтік компания автокөлік өндірушінің өзіне тиесілі болған жағдайда. Өйткені көлік сол зауыттың балансында қалады, ал барлық тәуекел алдын ала есептеледі.

Коммерциялық өнім және жеке жауапкершілік

Мамандар жеке тұлғаларға арналған автолизингті мемлекеттік жеңілдік бағдарламасы деп қабылдамауға шақырады. Бұл – таза коммерциялық өнім.

R-Finance қаржы талдаушысы  Арман Байғановтың айтуынша, лизингтік қызмет лицензияланбайды.

Көлік толық төленгенге дейін компанияның балансында қалады. Сондықтан тәуекел аз, ал төлемді кешіктірген жағдайда мүлікті қайтарып алу оңай, – дейді ол.

Сонымен бірге лизинг алушы көлікті еркін пайдалана алмайды. Келісімшартта таксиде қолдануға, көлікті бояуға немесе өзгертуге тыйым салынуы мүмкін. Қайтару кезінде тәуелсіз бағалау жүргізіледі, ал тозу немесе зақым анықталса, айырмашылық клиент есебінен өтеледі.

Мемлекет не үшін қолдап отыр

Мемлекет автонесиелеу мен лизингті дамыту арқылы ішкі сұранысты ынталандырып отыр. Бұл отандық автөнеркәсіпті қолдауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және салық түсімдерін арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар 2026 жылдың соңына дейін автокөлік алатын қарыз алушыларға борыштық жүктеме коэффициенті қолданылмайды. Бұл қаржыландыруды қолжетімді еткенімен, шамадан тыс қарыз алу қаупін де күшейтеді.

Көлік жұмысқа қажет болса, бұл өзін ақтайтын инвестиция. Ал жеке пайдалану үшін ай сайынғы төлем отбасы бюджетіне ауыр салмақ түсірмеуі тиіс, – дейді сарапшылар.

Автолизинг – автонесиені толық алмастыратын шешім емес, бірақ дұрыс есеппен тиімді балама бола алады. Ай сайынғы төлем төмен, көлікті жаңарту мүмкіндігі бар. Алайда меншік құқығы, қосымша шығындар мен шектеулерді ескермей шешім қабылдау – қаржылық қателікке алып келуі мүмкін.

Өзгелердің жаңалығы