Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Автокөліктер мен ақша: Блогер Жанабылов Астанада сотта жауап береді

4 Қыркүйек 2025, 20:11
744
Бөлісу:
 видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

2025 жылғы 5 қыркүйекте сағат 10:30-да Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында блогер Ерболат Жанабыловтың ісі қаралады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Блогер ҚР ӘҚБтК 445-1-бабының 6-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылады. Яғни, ҚР "Лотереялар және лотерея қызметі туралы" Заңының 5-бабының 4 және 5-тармақтарына сәйкес, лотерея операторы немесе лотерея таратушысы (агенті) болып табылмайтын тұлғалардың лотерея өткізуіне және лотерея билеттерін, соның ішінде электрондық билеттерді таратуға (сатуға) тыйым салынады.

Өкілетті органдардың мәліметінше, Жанабылов Instagram-дағы "zhanabylov_e" аккаунты арқылы автокөліктер, ақша және бағалы сыйлықтар ойынын ұйымдастырған. Ойынға қатысу үшін жазылушылар "Zhana Business" ЖШС-нің "оқыту курстарына" төлем ретінде әрқайсысы 30 мың теңге аударған.

Ертең сот отырысы ашық форматта өтетіні белгілі болды. Сондай-ақ блогердің қазіргі уақытта Алматыда екені айтылды.

Еске салайық, бұған дейін ҚР Туризм және спорт министрлігі әлеуметтік желілерде заңсыз ұтыс ойындарын өткізгендерді тексеретінін мәлімдеген. 

Сондай-ақ министр Ербол Мырзабосынов блогер Жанабыловтардың конкурсына байланысты туындаған дау жөнінде пікір білдірген.

Айта кетейік, жыл басынан бері құзырлы орган 34 блогердің заңсыз онлайн-ойындарды жарнамалауға қатысы барын анықтады.

Өзгелердің жаңалығы