Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қалаішілік автобустардың ішінде жолаушыларға арналған антисептиктер бар. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша санитарлық жұмыстар карантин талаптарына сәйкес қатаң түрде жүргізіліп жатыр.
Қаланың әлеуметтік нысандарында, әуежайда, вокзалдарда, базарларда, сауда үйлерінде, сауда ойын-сауық орталықтарында және адамдар көп жиналатын жерлерде санитарлық-дезинфекциялық режим күшейтілді. Сонымен қатар, автобустар мен коммуналдық қызметтердің машиналары да дезинфекциядан өтеді.
Қалаішілік автобустардың ішінде жолаушыларға арналған антисептиктер бар. Автобустар әр айналым аяқталған сайын мұқият тазартылып, арнайы сұйықтықпен залалсыздандырылады.
Қоғамдық көліктердің терезелері, орындықтары, жолаушылар ұстап тұруға арналған тұтқалар тазартылады.
Ал автобус жүргізушілеріне медициналық маска, қолғап кию міндеттелген.
Айта кету керек, елордадағы көппәтерлі тұрғын үйлердің кіреберістері мен жалпыға ортақ пайдалану орындары да жиі дезинфекцияланады.
Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында күн сайын кіреберістер, есіктер, лифтілер, сүйеніштер, терезе жақтаулары және т.б. жерлер мұқият тазаланады.