Үндістанның оңтүстігіндегі Андхра-Прадеш штатында мотоциклмен соқтығысқан автобус өртеніп, 19 адам қаза тауып, бірнеше адам жарақат алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мотоцикл автобустың астына қысылып, жанармай багының жарылуына және өрттің тұтануына себеп болған. Бангалор қаласына бағыт алған автобуста шамамен 40 жолаушы болған.
Куәгерлердің айтуынша, жолаушылар көмек сұрап айқайлаған, ал жергілікті тұрғындар аман қалғандарды құтқаруға ұмтылған. Кейбіреулер апаттық шығу терезесі арқылы сыртқа шығып үлгерген.
Автобус жүргізушісі оқиға орнынан қашып кеткен. Билік жанармайдың ағып кетуі мен абайсыз жүргізу фактісі бойынша тергеу бастады. Хайдарабадтан шыққан жолаушылардың көбі ұйықтап жатқан кезде өрт тұтанған.
Қазіргі уақытта 19 мәйіт табылды, - деді PTI ақпарат агенттігіне полицияның аға офицері Коя Правин.
Қаза тапқандардың арасында мотоцикл жүргізушісі де болған.
Коя Правиннің айтуынша, өрт сөндірушілер келген кезде автобус толықтай жанып кеткен.
Өрт мотоциклдің жанармай багынан шыққан, содан кейін жалын бүкіл автобусты шарпыды, - деді ол.
Марқұмдарды анықтау үшін криминалистер тобы жіберіліп, ДНҚ сараптамасы қажет болуы мүмкін екені айтылды.
Үндістан президенті Драупади Мурму бұл оқиғаны «қайғылы жағдай» деп атап, қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты және жараланғандардың тез сауығып кетуін тіледі.
Үндістанда автобустар жиі пайдаланылатын көлік түрі. Бірақ жүргізушілер көбіне қауіпсіздік ережелерін сақтамайды және көлікті шамадан тыс толтырады.
Өткен жылы Үндістанда жол-көлік оқиғалары салдарынан шамамен 180 000 адам қаза тапқан. Әлем бойынша ең жоғары көрсеткіш. Бұл жағдайлардың көбі жылдамдықты асыру, абайсыз жүргізу және қауіпті маневрлер жасау салдарынан болған.