Таиландтың шығысында ауыр жол апаты болды, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Туристік автобустың тежегіші істен шығып, көлік аударылып кетті. Қайғылы оқиға салдарынан 18 адам қаза тауып, 23 адам жарақат алды.
Апат кезінде автобуста 49 жолаушы болған, олардың барлығы Тайланд азаматтары.
Полиция өкілдерінің айтуынша, жол еңіс жерде орналасқан, ал тежегіштің істен шығуы жүргізушінің автобусты басқаруына кедергі келтірген. Нәтижесінде автобус Прачинбури провинциясында, Бангкоктан 155 шақырым жерде аударылып қалған.
Желіде тараған видеоларда құтқарушылар мен медицина қызметкерлерінің зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатқаны байқалады. Таиланд премьер-министрі Пэтонгтан Чинават қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, бұл оқиғаға байланысты жан-жақты тергеу жүргізілетінін мәлімдеді.
Егер автобус қауіпсіздік талаптарына сай келмесе немесе жүргізуші жол ережелерін бұзған болса, кінәлілер міндетті түрде жазаланады. Мұндай трагедиялардың қайталануына жол бермеуіміз керек, – деп жазды премьер-министр өз мәлімдемесінде.