Австралия Палестинаны тәуелсіз мемлекет ретінде мойындауға ниетті. Ел премьер-министрі Энтони Альбанезенің айтуынша, қыркүйекте БҰҰ Бас ассамблеясында Австралия "палестиналық халықтың өз мемлекетіне ие болу құқығын" ресми түрде мойындайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Deutsche Welle басылымына сілтеме жасап.
Израиль мен Палестинада толыққанды мемлекеттер құрылмайынша, бейбітшілік тек уақытша ғана болуы мүмкін, - деді Энтони Альбанезе.

Энтони Альбанезенің сөзіне қарағанда, Палестина ұлттық әкімшілігінің өкілдері оған "ХАМАС ұйымының террористері болашақ палестиналық мемлекетте ешқандай рөл атқармайды" деп уәде берген.
Бұған дейін Франция, Ұлыбритания және Канада билігі де Палестина мемлекетін мойындау ниетін білдірген еді.
Палестина – Таяу Шығыста орналасқан, халықаралық деңгейде толық мойындалмаған мемлекет. Ол екі бөлек аумақтан тұрады – Газа секторы және Иордан өзенінің батыс жағалауы. 2024 жылғы 22 мамырдағы мәліметке сәйкес, Палестинаны БҰҰ-ға мүше 193 елдің 146-сы, оның ішінде Ресей де, мойындаған.