Қазақстан авиациялық қауіпсіздік саласында еуропалық талаптар мен стандарттарды енгізуде, деп хабарлайды BAQ.KZ Азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасап.
Еуропалық азаматтық авиация конференциясының (ЕCАC) өкілдері Клайф Райт (Clive Wright) және Абигаил Хансен (Abigail Hansen) ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті мен "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ-ға жұмыс сапарымен келді.
Сапардың мақсаты – үздік еуропалық тәжірибені және авиациялық қауіпсіздік стандарттарын енгізуді көздейтін CASE-1 және CASE-2 еуропалық оқыту жобаларының тиімділігін бағалау.
CASE-1 жобасы 2017-2019 жылдар кезеңінде өтті. Осы жоба аясында авиациялық инспекторлар мен әуежайлардың авиациялық қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері еуропалық авиациялық қауіпсіздік талаптарын зерделеу бойынша түрлі семинарлар мен курстарға қатысты.
CASE-2 жобасы ағымдағы жылы басталды және авиациялық қауіпсіздік саласындағы еуропалық талаптар мен стандарттарды енгізуге қолдау көрсете отырып, ЕCАC-ты ұлттық деңгейде қамтамасыз етуді жалғастыруға бағытталған. Өздеріңіз білетіндей, еуропалық стандарттарды кезең-кезеңімен енгізу Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасына негізделген.
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі бас директорының орынбасары Дархан Еспотановтың төрағалығымен ECAC сарапшылары мен құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізілді, онда өткен курстардың нәтижелері, алдағы жылдарға арналған жоспарлар және азаматтық авиация объектілерінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі мәселелер қаралды және талқыланды, - делінген комитет таратқан хабарламада.
Өз сөзінде Авиациялық қауіпсіздік департаментінің директоры Дархан Қатышев сарапшыларды еліміздегі авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қолданыстағы жүйемен таныстырды. Бірыңғай мемлекеттік оператор құру жоспарлары, әуежайларда қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі функция және авиациялық қауіпсіздік жөніндегі алымды тоннаждан жолаушыға есептеу тетігін өзгерту шаралары туралы айтты..
Еуропалық азаматтық авиация конференциясының (ECAC) сарапшылары бірыңғай мемлекеттік операторды құру жөніндегі жоспарларды қолдады.
Қазір көптеген елде ұқсас қызметтерді құру үрдісі байқалып отырғанын және бұл бастаманы іске асыру елдегі авиациялық қауіпсіздік жүйесінің деңгейін айтарлықтай арттыруға көмектесетінін атап өтті.