Албанияда өткен ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық спортшылар топ жарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан құрамасы медальдардың жалпы саны бойынша 1-орынға ие болды.
73 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Ерасыл Сәулебеков пен 102 келіге дейінгі салмақта Никита Әбдірахманов алтыннан алқа тағынды. Екі спортшымыз да жұлқа және серпе көтеру қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсетті. Нұрдос Сабыр (89 келіге дейін) мен Таисия Алексеева (64 келіге дейін) күміс жүлдегер атанды.
Жеңімпаз атанған спортшыларды Спорт және мәдениет министрі Асхат Оралов құттықтап, фейсбук парақшасында жазба қалдырды.
Спортшыларымызды және барлық қазақстандық жанкүйерлерді осынау жетістікпен құттықтаймын. Біздің жас ауыр атлеттерге болашақта да толағай табыстар мен жарқын жеңістер тілеймін. Жаттықтырушыларға да ерекше алғыс айтамын. Себебі олардың еңбегінің арқасында отандық ауыр атлетика мектебі Қазақстанды жаңа чемпиондардың есімдерімен әлемге танытып жатыр, - деді министр.
Айта кету керек, жасөспірімдер арасынада өткен әлем чемпионатында спортшыларымыз 7 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды. Дүбірлі додаға әлемнің 57 келінен 268 спортшы келген.